Қазақстанда биыл рекордтық көлемде мұнай өндірілді

0

2018 жылғы 26 желтоқсан 12:56 239

Қазақстанда биыл рекордтық көлемде мұнай өндірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстанда 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 90,3 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайыздық өсімді көрсеткен. Мұнай өндірісінің көлемі, осылайша, рекордтық көрсеткішке ие болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жедел келіп түскен мәліметтерге сәйкес, 2018 жылғы мұнай өндіру көлемі 90,3 млн тоннаны құрайды. Бұл — бұрын болмаған рекорд. 2017 жылмен салыстырғанда биылғы өндіріс 4,7 пайыздық өсімді көрсетті (2017 жылы — 86,2 млн тонна). Оның ішінде, үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 53,9 млн тоннаны құрайды. Нақтырақ айтқанда, Қашағанда — 13,2, Теңізде — 28,6, Қарашығанақта — 12,1 млн тонна мұнай өндіріледі (2017 жылға 100,8%)», — деді Қанат Бозымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуына қарағанда, мұнайдың экспорттық көлемі 71,5 млн тоннаға жеткізілсе, мұнай өңдеу көлемі 16,1 тоннаны құрайды.

«Сонымен қатар, газ өндіру көлемі жоспарланған көрсеткіштен жоғары болып, 54,8 млрд текше метрге жеткізілді. Тауарлық газ өндірісі — 33 млрд текше метр көлемінде, 4,4 пайыздық өсімді көрсетеді», — дейді ол.

Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, сұйытылған мұнай газ өндірісі 2017 жылға қарағанда 3,4 пайызға өсіп, 3 млн тоннаға жеткізілген.

«Газдың экспорт көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 10,4 пайызға артып, 19 млрд текше метрді құрайды. Экономикалық ынтымақтастық аясында Қытай бағытына қарай жыл сайын 10 млрд текше метр көлемінде газды экспорттау туралы келісімге қол жеткізілді. 2017 жылда Қытайға 1,1 текше метр көлемінде газ экспортталып, ал 2018 жылы экспорт көлемі 5,8 млрд текше метрге артты», — дейді Қ.Бозымбаев.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz