Қазақстанда бірнеше полицей сотталды
Қысқа сілтеме алу
Сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдық қызмет атқару құқығынан, сондай-ақ полиция офицері арнайы шендерінен айырылды
НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Өткен аптада Қазақстанның бірнеше өңірінде жемқорлыққа барған полиция қызметкерлеріне айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының үкімімен жол-патрульдік полиция полкінің рота командирі, полиция майоры М.Каскинге айыппұл салынды. Тәртіп сақшысы жеке тұлғадан жүк көліктерінің кедергісіз жүруі мен жалпы қамқорлығы үшін пара алған.
Қостанай қаласы №2 сотының үкімімен Жітіқара қаласы полиция бөлімі ЖПҚ бөлімшесінің бастығы, полиция майоры К.Ысқақовқа 15 миллион теңге айыппұл салынды. Ол қол астындағы қызметкерлерден пара алып, билігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды.
Тағы оқыңыз: Жемқорлық үшін бірінші басшы жазаланады – мәжіліс заң жобасын мақұлдады
Дәл осы соттың үкімімен билігін асыра пайдаланып, жеңгетайлықпен айналысқандарға қамқорлық көрсеткен облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілдері, полиция майоры М.Ерболұлы мен полиция капитаны А.Саков 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен Үлбі полиция бөлімінің аға тергеушісі Д.Алканов 7,5 миллион теңге айыппұл төлейтін болды. Ол күдіктіден қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға көмектескені үшін 250 мың теңге пара алған.
«Аталған тұлғалар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдық қызмет атқару құқығынан, сондай-ақ полиция офицері арнайы шендерінен айырылды», — делінген хабарламада.
sputniknews.kz