Қазақстанда бірнеше лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Елімізде бірнеше лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мәлім болғандай, мемлекеттік қызметкерлер түрлі қылмыстық схемаларды ұйымдастыру арқылы миллиардттаған теңгені қалтасына басқан. Бұдан бөлек, бірнеше облыстың полицейлері жемқорлықпен айналысқаны анықталып отыр. Жалпы бұл тек соңғы екі аптада ғана тіркелген оқиғалар. 

Қазақстанда бірнеше лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалды

Жемқорлыққа қатысты ұлттық бюро бүгін бірнеше шенді-шекпенділердің ірі парамен ұсталғаны жайлы мәлімдеді. Ең бірінші, осыдан бірнеше күн бұрын қамауға алынған Су ресурстары комитетінің төрғасы Ислам Әбішевке қандай айып тағылғаны айтылды. Агенттіктің мәліметінше, су ресурстары комитетін 5 жыл басқарған 62 жастағы шенеунік пен оның сыбайласы мердігер ұйымның өкілінен бопсалау арқылы 60 млн теңгеден астам аса ірі көлемдегі пара алған деп айыпталуда, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы«.

«Су ресурстары комитетінің төрағасы мен оның көмекшісі «Қазақ күресі» дүниежүзілік федерациясы халықаралық қоғамдық бірлестігінің вице-президентіне қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. 5,8 млрд соммасындағы Соколов су құбырын реконструциялау және қосылған ауылдық мекендердің таратушы жерлерін салу және қызметін сатып алу бойынша, мердігерлік ұйым өкілінен су құбырын қайта жаңарту және ауылдық елді мекендерге тарату желілерін салу үшін 60 миллион теңге бопсалап, пара алды деген күдікке ілінген», — дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова.

Одан бөлек, жедел-іздестіру шаралары негізінде Атырау облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауова уақытшы қамау абақтысына жабылды. Алдын ала мәлімет бойынша ол 5,1 млн теңгені қалтасына басқан. Айта кетейік, экс-шенеунік осыдан екі ай бұрын өз еркімен қызметінен кеткен болатын. Мамандардың сөзінше, ол бюджет қаржысын талан-таражға салған. Лауазымды тұлғаның ұсталуы былтырғы жылы облыстық білім басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев пен орынбасары Роза Қабдоловаға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланысты болуы мүмкін. 

«Бұрынғы әкім орынбасары 5 мектеп интернатының анықтамалары үшін жиһаз жеткізілуіне шарт жасасу үшін ЖШС-тің өкілінен білім басқармасының басшысы арқылы жалпы соммасы 34,1 миллионның 5 пайызы болатын 5,1 млн теңге пара алғаны туралы күдікке ілінуде», — дейді Жанна Бастарова.

Сонымен қатар, бүгін Алматыда № 12 аурухананың бас дәрігері Нұрлан Тұрдалиннің ұсталғаны мәлім болды. Ақпаратқа сенсек, ол жеке кәсіпкерден 340 мың теңге және 1 950 доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Тергеу амалдарына сәйкес, бас дәрігер медициналық жабдықтар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу және шарт жасасу бойынша мемлекеттік сатып алуда артықшылық көрсету үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілінен пара алған. 

«Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен Нұрлан Тұрдалинге қатысты ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасады деп күдікті болып танылып, оған екі ай мерзімінде күзетпен ұстау шарасы қолданылды», — дейді қалалық соттың баспасөз қызметінің бас маманы Абай Жарылқасын.

Сондай-ақ, Ұлттық бюро елімізде бірнеше полицейдің ұсталғанын мәлімдеді. Мәселен жуырда ғана Жамбыл облысында Талас аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры, бөлім тергеушісі, полиция капитаны қамауға алынды. Онымен қоса, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысының құрзырлы орган қызметкерлері ірі көлемде пара алып, күдікке ілінді. Бүгінгі таңда олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz