Қазақстанда бірінші наурыздан бастап не өзгереді

0

Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық нығайтылады, бірқатар елмен әуе рейстеріне шектеу енгізіледі, кей бағыттар бойынша теміржол билеті қымбаттайды – Sputnik Қазақстан наурызда болатын өзгерістерге шолу ұсынады

Наурыз айынан бастап елімізде бірқатар өзгеріс болады. Мәселен, маңызды халықаралық құжат күшіне енді. Сонымен қатар, коронавирусқа байланысты әуе қатынасына шектеу қойылып, теміржол және қоғамдық көлік тарифтері өзгерді.

Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық

1 наурыздан бастап Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім күшіне енеді. Осы құжат 2015 жылы 21 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан (сол кездегі Астана) қаласында рәсімделген болатын. Келісімнің кейбір тұстары 2016 жылдан бастап қолданысқа енгізілген.

Екі жақты келісім 29 бағытты қамтиды. Соның ішінде сауда, кедендік рәсімдер, энергетика, климаттың өзгеруі, ғарыштық қауіпсіздік, жаппай қырып жоятын қарудың таралуына жол бермеу, терроризммен күрес, мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастық және тағы басқа салалар бар.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда айналымы 31,3 миллиард доллар болған. Ол – Қазақстанға тиесілі сыртқы сауда-саттықтың үштен бір бөлігі. 2005–2019 жылдары Еуропа елдерінен Қазақстанға келген тікелей инвестициялардың көлемі 151 миллиард доллардан асты. Бұл – барлық инвестициялардың тең жартысы.

Коронавирус эпидемиясы

1 наурыздан бастап Қазақстан коронавирустың таралуына байланысты Оңтүстік Корея мен Иранға ұшатын әуе рейстерін азайтады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұған дейін Air Astana-ның «Алматы – Сеул» бағытындағы рейстері аптасына бес рет болса, енді бірге дейін қысқарады. Сол сияқты «Нұр-Сұлтан – Сеул» аптасына бір рет қана ұшатын болады.

«Asiana Airlines» компаниясының «Алматы – Сеул» ұшағы да аптасына бір-ақ рейс жасайды. Сондай-ақ, Mahan Air-дың «Алматы – Тегеран» рейсі бір рет қана орындалады.

Теміржол билеті қымбаттады

«Түріксіб Астана» ЖШС-ның барлық бағыты бойынша билет құны 3-7%-ке қымбаттады:

  • 3% – 015/016 Алматы-Петропавл
  • 7% – 043/044 Қостанай-Алматы
  • 7% – 621/623 Қостанай-Арқалык
  • 7% – 327/328 Қостанай-Қарағанды

Теміржол билетінің бағасы 2017 жылдан бері бірінші рет өзгеріп отыр.

Балалар тегін жүреді

28 наурыздан бастап астанада кәмелеттік жасқа толмаған барлық балаға автобуспен тегін жүруге мүмкіндік беріледі. Ол үшін арнайы картаны сатып алу қажет. Оның бағасы – 500 теңге. Сосын қоғамдық көлікте валидация жасап отыру керек. Себебі компания жолаушылар тасымалын бақылайды.

Бұдан бөлек, зейнеткерлер, ардагерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар, жалпы жеңілдік алатын азаматтар қала маңындағы автобустармен де тегін жүре алады.

Жаңа тарифтер енгізіледі

Наурыздан бастап Нұр-Сұлтанда 1, 3, 5 және 15 күндік жол жүру тарифтері енгізіледі. Бұдан бөлек, айлық жол жүру қызметтеріне «Қала+экспресс» және «Қала+экспресс+қала маңы» сияқты жаңа тарифтер қосылады.

Жаңа тарифтер:

  • Айлық жол жүру. «Қала+экспресс», құны – 10 мың теңге. Соның арқасында қалалық және экспресс бағдарлармен бір ай бойы шектеусіз жүруге болады;
  • Айлық жол жүру. «Қала+экспресс+қала маңы» – 13 мың теңге;
  • «3 айлық жол жүру» – 20 мың теңге;
  • 1 күндік жол жүру ақысы – 500 теңге;
  • 3 күндік жол жүру ақысы – 1 500 теңге;
  • 5 күндік жол жүру ақысы – 2 мың теңге;
  • 15 күндік жол жүру ақысы – 4 мың теңге.

«Айлық жол жүру тарифтері түсінікті ғой. Ал 1-15 күндік тарифтерге тоқталатын болсақ, 500 теңгеге күні бойы шектеусіз жүруге болады. Сол сияқты 1 500 теңгені салып, үш күн бойы автобустармен жүре беруге мүмкіндік бар. Ондай тарифтер автобуспен жиі жүретін адамдарға тиімді», – дейді компания мамандары.

Айта кеткен жөн, 7 500 теңгеге бір айға алынатын жол жүру тарифі өзгеріссіз қалды. 9 500 теңгенің айлық тарифі де сол күйінде қалады.

Жолақыны ақшалай және көлік картасы, SMS/QR арқылы төлеу сақталады – 180 және 90 теңге.

Тегін ауысып отыруға шектеу қойылады

«City Transportation Systems» компаниясы (бұрынғы «Astana LRT» ЖШС) жаңа тарифтерді енгізу аясында бір сағаттың ішінде екінші автобусқа тегін ауысып отыру жеңілдігін алып тастайды.

Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 28 наурыздан бастап жаңа тарифтер енгізіледі. Соған сәйкес, барлығына бірдей 60 минуттың ішінде басқа автобусқа ауысып отыру жеңілдігін алып тастайды. Ондай мүмкіндік тек екі тариф кезінде ғана сақталады. Олар:

  • 15 сапар – 2000 теңге;
  • 30 сапар – 4 000 теңге.

IELTS-тің бағасы көтеріледі

1 наурыздан бастап IELTS тестінің бағасы өзгереді.  Олар:

  • Paper Based IELTS (Алматы мен Нұр-Сұлтан) – 61 000 теңге;
  • Computer delivered IELTS (Алматы мен Нұр-Сұлтан) – 61 000 теңге.

Айта кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыда IELTS-тің бағасы 55 000 теңге болған.

sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз