Қазақстанда бензин бағасы тағы қымбаттады
Қазақстанда газ ғана емес, бензиннің де бағасы тағы қымбаттады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Бағаның шарықтауы әсіресе Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Ақтөбе облыстарында байқалады. Мәселен бір апта бұрын ғана жанармай құю бекеттерінде халық көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 140 теңге болса, қазір аталған облыстарда 150 мен 170 теңге аралығында сатылуда.
Қымбатшылық алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені қазірдің өзінде мұнай өнімінің көтерме бағасы мен тасымалдау құны өскен. Ал тұрғындар жанар-жағармай бағасы өссе, такси мен тауар тасымалы қызметі, тіпті азық-түліктің де шарықтауы мүмкін дейді.
«Қиындау. Қарапайым адамдарға тіпті қиын. Қазір жұмыс та жоқ. 140 теңге әлдеқайда жақсы, арзан болды ғой. Алты теңге де ақша ғой», — дейді көлік жүргізушілерінің бірі Асқар Бақтыбаев.
Қазір еліміздегі жанармай құю бекеттерінде бензин құны бірден 6 теңгеге өсті. Мәселен, Ақтөбе облысында қазір АИ 92 маркалы бензиннің бір литрі 158 теңге болса, Шығыс Қазақстанда орташа 160 теңге. Ал жауаптылар мұнай өнімдерінің құнын мемлекет бақыламайды деп отыр. Сөздерінше бензиннің бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады. Мамандар жанар-жағар май бағасы әлі де өсуі мүмкін деп отыр.
«ЖД тариф көтерілген және көтерме жеткізушілер бағаны көтерген. Жеткізушілер ақпагда бір тоннаға 7000 теңгеге ал наурызда 10 000 теңгеге дейін бағаны өсірген», — дейді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев.