Қазақстанда ақылы ҰБТ тапсыру басталды

0

Қазақстанда 18 қаңтарда биыл мектеп бітіретін оқушыларға ақылы түрде Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыру басталды. Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Субханбердиеваның айтуынша, 20 қаңтарға дейін болатын тестке барлығы 36 мыңға тарта мектеп бітіруші мен жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданғандар қатысады.

Вице-министрдің сөзінше, биылдан бастап Қазақстанда ҰБТ төрт рет — қаңтар, наурыз, маусым және тамызда өтеді.

Білім және ғылым министрлігінің бұған дейін таратқан ақпараты бойынша, бірінші рет сынақ ретінде өтетін ҰБТ-ны орта мектепте 11-12 сыныпта оқитындар мен жоғары оқу орындарына шартты түрде оқуға қабылданғандар өз еркімен ақылы түрде тапсырады.

Мектеп бітірушілер ҰБТ-дан өтсе, жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға түсуіне болады. Бірақ мектеп бітірушілер мемлекеттік білім грантына 2019 жылы жазда өтетін негізгі ҰБТ нәтижесі бойынша ғана үміткер бола алады.

Оқи отырыңыз: ҰБТ: телефон тәркілеу мен сұрақ тасу

Жоғары оқу орнына шартты түрде қабылданған және бірінші семестрді аяқтайтын студенттер қаңтардағы ҰБТ-ны оқуға ресми түрде қабылданып, оқуын одан ары жалғастыру үшін тапсырады. ҰБТ-дан 50 балл жинай алмаған студент оқудан шығарылады.

Қаңтар айындағы ҰБТ-ны тапсыру ақысы 2242 теңгені құрайды.

Дереккөз: Азаттық