Қазақстанда әлеуметтік саланы қолдау және дамыту мәселелеріне басымдық беріледі

0

Primeminister.kz редакциясы Қазақстанның ағымдағы жыл қорытындысы туралы кезекті шолуды ұсынады. Ол әлеуметтік салаға арналады деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Министрлік мәліметі бойынша, биыл 11 айда мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалды. Бүгінгі күні республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді. Жыл басынан бері жәрдемақылар мен зейнетақыларды төлеуге 4,3 млн адамға, оның ішінде 2,3 млн зейнеткер мен 2 млн мемлекеттік жәрдемақы алушыға 4,2 трлн теңге жұмсалды. Биыл әлеуметтік қамсыздандыруға барлығы 4,6 трлн теңге қарастырылған.

инфо
Фото: Kazinform

Жыл сайын мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақының барлық түрлерінің мөлшері инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы инфляция деңгейінен 2%-ға индекстеледі. Биыл өсім сәйкесінше 8,5% және 10,5% болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл орындалған тапсырмалар:

  • ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан 60%-ға дейін;
  • ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасы 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін артты.

Нәтижесінде, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 120 838 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 950 теңге, базалық зейнетақы – 37 888 теңге болды.

инфо
Фото: Kazinform

Жыл басынан бері егде жастағы 2,3 млн қазақстандыққа республикалық бюджеттен 3 трлн 33,7 млрд теңге сомасында зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 930,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 трлн 103,1 млрд теңге бағытталды.

Халықтың аз қамтылған топтарын әлеуметтік қолдау аясында Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі, ол келесілерді көздейді:

  • табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
  • аз қамтылған отбасылардың 1 жастан 6 жасты қоса алғанға дейінгі балалары үшін әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру;
  • жұмысқа орналастыру, өз ісін ашқысы келетін отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және өзге шаралар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша 113,6 мың отбасындағы 595,7 мың адамға 52,4 млрд теңгеге АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) тағайындалды. 97,5 мың отбасындағы 186,1 мың баланың әрқайсысына 1,5 АЕК мөлшерінде 6,7 млрд теңгеге қосымша төлем тағайындалды. АӘК алушылар қатарындағы 24,7 мың еңбекке қабілетті азамат белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылды.

инфо
Фото: Kazinform

1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді, бұл – ТМД аумағындағы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы шоғырландырған және азаматтардың туғаннан бастап егде жасқа дейінгі құқықтарына кепілдік беретін алғашқы құжат. Әлеуметтік кодекс – жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру құралы: отбасының цифрлық картасын енгізу, атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансфомациялау, мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, азаматтарды әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің тиімділігін арттыру, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету саласындағы жаңа тәсілдер.

Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында 1 шілдеден бастап бірқатар жәрдемақы көлемі қосымша 14,5%-ға артты. Олардың ішінде мүгедектігі, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша; I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) және басқа да жәрдемақылар бар. Сондай-ақ, еңбекке қабілеттілігінен айрылу және асыраушысынан айрылу жағдайлары бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5%-ға көбейді. Жыл басындағы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің 8,5%-ға ұлғаюын ескере отырып, олардың мөлшері жылдық мәнде 23%-ға өсті.

Әлеуметтік кодекске сәйкес «Алтын алқамен», сондай-ақ «Батыр ана» атағы бар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен (22 080 теңге) 7,4 АЕК-ке немесе 25 530 теңгеге дейін көтерілді.

Бұдан басқа, Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, менталдық бұзылуы бар балаларға санаторийлік-курорттық емдеу мүмкіндігін беру, мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту бөлігінде қолдау шаралары күшейтілді.

инфо
Фото: Kazinform

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде жан басына шаққандағы қаржыландыру жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Бұл жеке секторды тарта отырып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын ашуға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба аясында 6 өңірде сыйымдылығы шағын үйлер ашылды.

11 ай ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін техникалық оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз ету бойынша 432 астам іс-шара өтті.

Мүгедектігі бар адамның медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне бармай-ақ тек медициналық қызметті проактивті форматта болады.

Қазақстан мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялады. Ол біздің азаматтарға мүгедектердің құқықтары жөніндегі БҰҰ комитетінің қарауына жеке өтініштер жіберуге мүмкіндік береді.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру және олар үшін арнайы жұмыс орындарын құру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары ашылды. Республиканың барлық өңірлерінде кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жүр.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының кешенін іске асыру жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға дейін төмендетуге ықпал етті. 2023 жылғы 1 желтоқсанда жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде ресми түрде 261,8 мың адам тіркелді. Тіркелген жұмыссыздар үлесі — 2,7%.

Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес 2023 жылғы 4 желтоқсандағы жағдай бойынша 908,5 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде:

Ұлттық жобалар шеңберінде 257,1 мың, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 196,3 мың қамтылды;

бос жұмыс орындарына 294,3 мың адам;

Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 357,1 мың (жеке бастамалар) адам.

2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша оқыту және кәсіптік бағдар беру түрінде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларымен шамамен 311,1 мың адам қамтылды.

инфо
Фото: Kazinform

2023 жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде әлеуметтік жағынан осал санаттағы қазақстандықтарға жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде 9102 грант берілді.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының жастардың кәсіпкерлік бастамаларын іске асыру үшін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микрокредиттер беру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында 5 496 жоба мақұлданды. Қазірдің өзінде 5 мыңнан астам микрокредит берілді.

Сонымен қатар, министрлік үш маңызды бағдарламалық құжаттарды дайындау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қабылданды, ол бизнес-иммиграция, еңбек және этникалық көші-қон процестерін реттейтін болады, елімізің жұмыс күші тапшы өңірлеріне ішкі ұтқырлықты ынталандыруды және көші-қон процестерін реттеу жүйесін цифрландыруды көздейді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын Министрлік әзірлеп, Үкімет бекітті. Құжат негізгі сипаттамалары болып табылатын сапалы жұмыс орындарының санын көбейтуді қарастырады тұрақты жұмыспен қамту (жылына кемінде 6 ай), еңбекақының лайықты деңгейі (өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес), қауіпсіз еңбек жағдайлары, кәсіби даму және мансаптық өсу үшін мүмкіндіктер, еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету.

Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйверлері:

  • экономиканың негізгі нақты секторларын индустрияландыру;
  • жаңа технологияларды енгізу және ілгерілету;
  • жұмыс уақытының икемділігіне негізделген жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін құру болады.

Ел экономикасында 2029 жылға қарай 3,8 млн сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жоспарланды, бұл жұмыспен қамтудың жалпы құрылымында 45%-ды алады.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысы тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді, ол қазір орталық мемлекеттік органдармен келісілу деңгейінде. Тұжырымдаманы одан әрі іске асыру өндірістік жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыс орындарының санын азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру шеңберінде жүргізілген жұмысты атап өтсек, Отбасының цифрлық картасы енгізілді, оның басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Әлеуметтік кодексте отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын анықтау құралы ретінде көрсетілген. Сондай-ақ, отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Отбасының цифрлық картасын енгізудің арқасында осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 795 мыңнан астам адам мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS алды. Бұл ретте 313 мыңнан астам адам жәрдемақы немесе төлемді өтінішсіз алу мүмкіндігін пайдаланды.

Электрондық еңбек биржасының жүйесіне кіретін порталдар белсенді дамып келеді, ол бүгінгі күні кәсіптік бағдар алуға, жаңа кәсіптік дағдыларды игеруге, өз ісін ашу үшін грант алуға өтінім беруге, жұмыс табуға және халықты жұмыспен қамту саласында басқа да қолдау шараларын алуға мүмкіндік береді.

Министрлік әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, жұмыспен қамту, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және көші-қон саясатын реттеу бөлігінде әлеуметтік-еңбек саласын дамыту бойынша белсенді жұмыс істеуді жалғастырады.