Қазақстанда айыпталып, Болгариядан азаматтық алған полковник хикаясы

0
75

Қайыр Рахымов пен Ресейден келген тағы бірнеше адамды Болгария азаматтығынан айыру туралы ұсынысты елдің бас прокуроры Сотир Цацаров маусым айының аяғында жасаған. Прокуратураның дерегіне сәйкес, олар азаматтық беру шешіміне тікелей әсер ететін фактілерді жасырған немесе Болгария экономикасына инвестиция құю туралы міндеттемелерін орындамаған.

Болгарияның бас прокуроры Сотир Цацаров.

Болгарияның бас прокуроры Сотир Цацаров.

НЕ ҮШІН РАХЫМОВТЫҢ АЗАМАТТЫҒЫН ҚАЙТАРҒЫСЫ КЕЛЕДІ?

Азаттықтың Болгар қызметі жүргізген зерттеуде Қайыр Рахымов Қазақстан қорғаныс министрлігінің бұрынғы жоғары шенді офицері деп көрсетілген. Журналистердің ақпаратына сәйкес, Рахымов Болгария азаматтығын 2011 жылы алған, ол кезде Қазақстан бұл азаматқа іздеу салған. Құжатқа сәйкес, Рахымовқа азаматтық беруге 2009 жылдың маусымында Болгарияның көлік министрі Петар Мутафчиев кеңес берген. Ол өтініш иесі Болгарияның басқа елдермен сауда-көлік байланысын дамытуға үлес қосқанын айтқан.

Бұл оқиға болмай тұрып бір апта бұрын Қазақстан соты қорғаныс министрлігіне қару-жарақ сатып алу кезінде ірі алаяқтық жасау ісі бойынша тергеуге алынған Қайыр Рахымовты тұтқындауға сырттай рұқсат берген.

Зерттеу авторлары Қазақстан сотының шешіміне қарамастан, Болгария қауіпсіздік қызметінің Рахымовқа азаматтық беруге қарсы болмағанына назар аударады.

Болгария журналистері Рахымовқа азаматтық берілерде биліктің оған тағылған айыптарға назар аудармағанына күмәнмен қарайды. Өйткені Рахымовтың іздеуде жүргені туралы ақпарат Болгарияға азаматтық алардан әлдеқайда бұрын жеткен. 2010 жылы Бургастағы сот Қазақстанның сұранысымен ұсталған Рахымовты отанына экстрадициялау туралы өтінішті қанағаттандырмаған. Сот өз шешімін “Қазақстанда Рахымов соты әділ өтпеуі мүмкін” деп түсіндірген (Еуропа елдері Қазақстан азаматын өз еліне экстрадициялаудан бас тартқанда әдетте осындай түсініктеме қолданады).

Қазақстан әскери прокуратурасының дерегінше, Қайыр Рахымовқа мемлекетаралық іздеу қазанның 21-інде жарияланған. Бір аптадан кейін ол Болгарияда ұсталған. Қазақстан әскери прокуратурасының Азаттыққа берген жауабында ресми Софияның 2010 жылдың ақпанында Рахымовты Қазақстанға бермегені жазылған. Бұл шешімге сол кезде Қазақстан мен Болгария арасында қылмыстық істер бойынша азаматтарды беру және құқықтық көмек көрсету туралы келісімнің болмауы әсер еткен.

Қайыр Рахымовтың болгариялық паспорты.

Қайыр Рахымовтың болгариялық паспорты.

Болгарияның ақпарат құралдары “2000-жылдардың басында Рахымов өзінің Қазақстанда негізсіз қудалауға ұшырағанын айтып, Болгариядан саяси баспана сұраған болуы мүмкін” деп топшылаған. Бірақ Азаттықтың Болгар қызметі Болгарияның әділет министрлігіндегі ақпарат көзінен Рахымовқа азаматтық берерде оның жеке басына төнген қауіп туралы талқылау болмағанын білген. Өз өтінішінде Рахымов азаматтықты Болгария экономикасына құйған ірі көлемдегі инвестициясы үшін беруді сұраған.

Азаттықтың Болгар қызметі жүргізген зерттеуде азаматтық алар кезде Рахымовтың «елге сіңірген еңбегінің жоғы» айтылады. Сауда реестрінен алған ақпаратқа сәйкес, 2008 жылы жазда Рахымов капиталы жеті миллион левті (Болгария ақшасы – ред.) құрайтын (2008 жылы қаңтарда болған доллар бағамына сәйкес, бес миллион доллардан астам) жеке компаниясын тіркеген. Кейіннен компания Кеседжи Анастасия Қайырқызы мен Закиров Руслан Қайырұлына өткен. Аты-жөндеріне қарағанда, бұл адамдар Қайыр Рахымовтың балалары сияқты. Қазір Рахымов капиталы 25 мың левті құрайтын, Варнада кеңсесі бар “Контрашьн инвест” компаниясына жалғыз өзі иелік етеді. 2009 жылы Рахымовтың капиталы 200 мың левке тең “Беркут” корпорациясында үлесі болған.

2010 жылы маусымның соңында Болгарияның прокуратурасы ықтимал жемқорлықты зерттеу ісі аясында Пловдивте іздестіру жұмыстарын жүргізіп, көлік министрлігінің жасанды мөрі мен басқа да заттай деректер тапқан. Олардың ішінде Рахымовқа қатысты құжаттар да болған. Іздестіру кезінде табылған құжаттар бойынша басталған жеке іс екі жылдан кейін тоқтаған.

Азаттықтың Болгар қызметі “Тергеушілердің заңсыз істер туралы көп жылдан бері біліп келгені анық. Бірақ ештеңе істемеген” деп жазды. Қанша шетелдіктің құжатына жалған мөр қойылғаны белгісіз. Болгария заңы бойынша министрлер өз саласына инвестиция құйған немесе қаржы салуға ниетті шетелдіктерге азаматтық беру туралы ұсыныс жасай алады. Азаттықтың Болгар қызметі тілшілерінің қолындағы құжаттар Петар Мутафчиевтің мұндай ұсыныстар беруден алдына жан салмағанын растайды. Бұрынғы министр Азаттықтың Болгар қызметіне “бір-екі адамның ғана азаматтық алуына қолдау білдіргенін” айтқан. Ал шын мәнінде Мутафчиев азаматтық мәселесі бойынша кеңеске кемінде он ұсыныс берген.

Қазір Болгарияның мемлекеттік органдары Рахымов пен тағы бірнеше шетелдікке азаматтық беру кезінде болған ықтимал заңбұзушылықтарды зерттеп жатыр. Бас прокуратура өткен айда Рахымовты азаматтығынан айыруды сұраған. Прокурор өтінішін қарайтын азаматтық мәселесі бойынша кеңес әлі жиын өткізбеген. Өйткені кеңес басшысы, әділет министрінің орынбасары Десислав Ахладов еңбек демалысында жүр. Ақпарат құралдарының мәліметінше, азаматтықтан айыру туралы түпкілікті шешімді Болгария президенті Румен Радев қабылдайды. Болгария билігінің айтуынша, әзірге Қайыр Рахымов болгар төлқұжатымен Еуропа Одағының елдерін еркін аралай алады.

ҚАЙЫР РАХЫМОВ КІМ?

Ашық дереккөзінен алынған ақпаратқа қарағанда, Рахымов Қайыр Зәкірұлы қазақстандық әскерде ширек ғасырға жуық қызмет еткен. Қызметін қатардағы жауынгер болып бастап, аэромобильді әскер қолбасшысының орынбасарына дейін өскен. 2005 жылы запастағы офицер қатарына кірген.

Рахымов қызметінен кеткеннен кейін бірнеше жылдан соң оның есімі мемлекеттік сатып алу кезіндегі ықтимал жемқорлық туралы мақалаларда атала бастаған. 2009 жылы марқұм журналист Геннадий Бендицкий “Время” газетінде қорғаныс министрлігінің қару-жарақты модернизациялау бойынша көпшілікке белгісіз “Клен”, “Прометей” және “Орион” деген компаниялармен келісім-шартқа отырғанын талдап жазған.

Бендицкийдің дерегінше, Калашников автоматы үшін сатып алынған коллиматор көздегіштер шын мәнінде спорттық және аңшылық қару болып шыққан. Ал бұл көздегіштерді сатып алуға бір миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген. Бендицкий министрлік әр данасын 139 мың теңгеден сатып алған көздегіштер аңшылық дүкендерінде 24 мың теңге тұратынын жазған. Құны 200 миллион теңге болатын тағы бір келісім-шарт бойынша сатып алған көліктерге ауыл шаруашылығында қолданатын қозғалтқыштар салынған. Осыдан қару-жарақ тасымалдайтын көліктердің тежегіші жиі істемей, қорабы іске қосылмай қала берген.

Бендицкийдің мақаласында қорғаныс ведомствосының парашюттер жарамдылығын ұзарту үшін жасаған келісімі бюджетке жаңа парашют сатып алғанмен тең көлемде шығын келтіргенін жазған. Журналист материалында министрлікпен келісім-шарт жасасқан үш компанияны да отставкадағы полковник, аэромобильді әскер қолбасшысының бұрынғы орынбасары Қайыр Рахымов құрғаны туралы дерек бар.

2014 жылы «Трибуна» газетінде Рахымов туралы басқа материал шықты. Онда министрліктің 2007 жылы «Клен», «Орион», «Прометей» компанияларымен жасаған жалпы құны жеті миллиард доллардан асатын ондаған келісім-шарт туралы толық ақпарат берілген. Материалда бұл компаниялардың Қайыр Рахымовпен байланысы бары жазылған. Мақала авторы Дилярам Аркиннің айтуынша, «Прометей мен «Орион» компаниялары арқылы сатып алған аңшылық қару көздегіштері пайдаға аспай, әскер қоймаларында жарамсыз жатқан. «Жымқырылған ақшаны есепке алсақ, қылмыстық істер бір томнан да асып кетеді» деген автор Рахымовтың шетелге кеткенін, Болгарияда зергерлік бұйымдар дүкенін ашқанын жазады.

ТҮСІНІКСІЗ ТАРАПТАР КЕЛІСІМІ

Қазақстанның бас әскери прокуратурасы Рахымовтың тергеуге алынып, әскери құрал-жабдықтар сатып алу кезіндегі заңбұзушылықтарға қатысы болғанын растады. Ведомство Азаттық редакциясының ресми сұрағына берген жауабында 2009 жылы маусымның 11-і күні (шамамен осы уақытта Болгарияның мемлекеттік органдарына Рахымовқа азаматтық беру туралы ұсыныс түскен) Рахымов ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен сырттай тұтқындалғанын жазған.

«2005-2007 жылдары десанттық парашюттар мен әуе-десанттық кешенді модернизациялау кезінде жол берілген заңбұзушылықтар» ісі бойынша тергеу мен сот үш жарым жылдан көп уақытқа созылған. Прокуратура берген деректерге сәйкес, Қазақстанда сотқа тартылған төрт азамат сот үкімін орындау мерзімінің аяқталуына байланысты жазадан босаған. Сот шешімімен Балабанов А.В., Куткожинов А.С. «қызметіне салғырттық танытқаны үшін», ал «Калиновский В.М. мен Райлян В.П.» «өз міндетіне жауапсыз қарағаны үшін» айыпты деп танылған.

«Сот шешімі күшіне енгеннен кейін, 2015 жылы қыркүйектің 15-інде айыпталушылар Балабанов А.В., Калиновский В.М., Райлян В.П. (Қылмыстық кодекстің 381-бабы 2-тармағы) және Рахымов Қ.З. (Қылмыстық кодекстің 232-бабы) қарсы 2006-2007 жылдары «электронды-оптикалық құралдарды мемлекеттік сатып алу кезінде болған заңбұзушылық” фактісі бойынша басталған сотқа дейінгі тергеу тараптардың келісімімен тоқтатылған (Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-тармағы). Әскери прокуратураның Азаттыққа жіберген жауабында «Қазір Рахымов Қ.З. іздеуде емес» деп көрсетілген. Кімнің қандай тараппен келісімге келгені түсініксіз.

Азаттықтың Болгар қызметі Қайыр Рахымовқа хабарласып көрді. Ол 2019 жылы Қазақстан билігінен өзіне қарсы айыптау жоғын растайтын құжат алғанын айтқан. Қазір Қазақстан азаматтығынан айрылған.

Azattyq