Қазақстанда АЭС салынғалы жатыр ма?

0

Қазақстанда атом электр станциясын салуға шындап дайындалып жатқан сияқты. Бұған дейін еліміздің энергетика министрлігіндегілер АЭС құрылысына Оңтүстік Корея компаниясы қатысуға ынта білдірді деген ақпаратты жоққа шығарып, елді даурықтармаңдар деген еді. Ал таяуда құрылған экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл ақпаратты растап отыр. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңадан құрылған министрліктің басшылығына келген Мағзұм Мырзағалиев елімізде АЭС салу мәселесі әлі анық шешілмегенін айтты. Дегенмен АЭС-ке қажетті зерттеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын мойындады.

«Оңтүстік Корея, Ресей технологиялары зерттелуде. Жалпы, қазір АЭС салатын мемлекеттер онша көп емес. Сондықтан міндетті түрде зерттеулер жүргізіп, бір шешімге келеміз», — дейді Мырзағалиев. 

Ал экономист Әсет Наурызбаев АЭС салудың экономикалық тиімділігі жоқ деп біледі. 

«АЭС 10 жылда 80 мың кВт/сағ қуат береді делік. Біздің анықтауымызша, кВт 4 700 АҚШ доллары (1 млн 800 мың теңгеден аса) тұрады. Бұл ақшаны 80 мың сағатқа бөліп, қазіргі доллар бағамымен 380 теңгеге көбейтсеңіз, кВт/сағатына кем дегенде 22 теңгеден төлеу керек. Бұл АЭС құрылысына кеткен ақшаны қайтару үшін қойылатын баға. Ал АЭС жұмысы мен қызмет құнын есептесек, электр қуатының бағасы тіптен қымбаттайды», — дейді экономист. 

Экономистің пікірінше, АЭС құрылысына кем дегенде 7 млрд доллар қажет.

Ал қоғам қайраткері Петр Своих қоғамның қорқынышын күшейтпеу үшін, АЭС-ке қатысты кез келген мәселе ашық талқылануы керек деген пікірде. 

«Біздің қоғамда түрлі оқиғаға байланысты радиофобия бар. Бұл ретте Семедейгі жарылысты айтып тұрмын. Бір ғана Чехияны алып қарайықшы, Еуропаның орталығындағы мемлекетте бәрі шешілген. Онда екі үлкен АЭС бар. Соған қарамастан әрі қарай дамудың жолын іздестіріп жатыр», — дейді Петр Своих.

Еске сала кетсек, Қазақтан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесу үшін Мәскеуше барған еді. Путин Тоқаевпен жүргізген келіссөздерін қорытындылай келе атом электр станциясы жайлы сөз қозғады. Ресей президентінің сөзінше, Мәскеу Нұр-Сұлтанға атом электр станциясын салу туралы ұсыныс тастаған.

Артынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысына қатысты сөзінде тұратынын және халықтың пікірі ескерілетінін мәлімдеген еді.

stan.kz