Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы төмендей ме?

0
3489
Фото stan.kz сайтынан алынды

Қазақстан халық партиясы әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа төмендетіп қана қоймай, осы бастаманы Конституциямен бекітуді ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бұдан бөлек, партияның орталық аппараты саяси бюросы тағы төрт бастаманы іске асыру қажеттілігін мәлімдеді.

Партияның жаңадан сайланған төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, жаңартылған Конституция халық билігі, халық меншігі және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын толыққанды көрініс табуы шарт.

«Біріншіден, жер, оның қойнауы мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі. Біз әрбір қазақстандықтың жер мен пайдалы қазбаларды иеленудің, одан табыс алудың конституциялық құқығын бекітуді ұсынамыз», — деді Ертісбаев бюроның кеңейтілген отырысында.

Сондай-ақ партия өкілдері әйелдердің зейнет жасын төмендетіп, осы норманы Конституциға енгізуді ұсынды.

«Екіншіден, мемлекет ерлер үшін 63 жастан, әйелдер үшін 58 жастан бастап зейнетке шығуға кепілдік береді. Біз негізгі әлеуметтік кепілдік ретінде Конституцияда азаматтардың зейнетке шығу жасын белгілеуді және бұл мәселеде алдағы бірнеше жылға нүкте қоюды ұсынамыз. Бұл ретте әйелдер үшін зейнет жасын арттыру шешімін түзетіп, оны 58 жасқа дейін төмендету қажет деп санаймыз», — деп атап көрсетті Ертісбаев.

Партияның үшінші бастамасы — зейнетақыны, шәкіртақыны және әлеуметтік жәрдемақылар өткен жылғы инфляциядан жоғары деңгейде индекстеу.

«Біз зейнетақыны, шәкіртақыны және бюджеттен төленетін барлық әлеуметтік төлемдерді жыл сайын міндетті түрде инфляция деңгейіне индекстеу туралы түзетуді ілгерілететін боламыз. Бұл шығыстар басым сипатқа ие болуы керек және Үкіметтің шешімдеріне тәуелді болмауға тиіс», — делінген партия мәлімдемесінде.

Төртінші бастама мемлекеттік кірістерді қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайту бойынша заң жобаларын енгізу кезінде үкіметтің оң қорытындысын алып тастауды көздейді.

Себебі бүгінде «парламент депутаттарының шығынды қажет ететін бастамасы үкіметтің оң қорытындысынсыз жүзеге асырылмайды. Мұндай норманың күшін жою Парламент пен парламенттік партияларды күшейтуге жасалған нақты қадам болады».

Ал бесінші бастама атқарушы биліктің парламентке есептілігін бекітуді көздейді.

«Атқарушы билікке парламенттік бақылауды күшейту қажет. Министрлер депутаттарға үнемі есеп беруі керек. Есеп бекітілмеген және сенімсіздік білдірілген жағдайда министрлер отставкаға кетуге тиіс», — деді Ертісбаев.

Қазақстан Халық партиясы осы түзетулерді Конституцияға енгізуге ниетті.