Қазақстанда 500 мың теңгеден аса ақша айырбастауға тыйым салынбақ

0

Оған қоса ақша айырбастау пункттері әр операцияны журналға тіркеп отырады

НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Қазақстанда валюта айырбастау қиындауы мүмкін. Келер жылдан бастап ақша айырбастаған адамның аты-жөні мен жеке куәлігінің нөмері жазылады. Мұндай бастаманы Ұлттық банк көтеріп отыр.

Оған қоса қаржы нарығын реттеуші бір адамға 500 мың теңгеден аса ақша айырбастауға немесе сатуға рұқсат етпейді. Ең басты жаңалық – валюта айырбастау пункттерінің жұмысын күндізгі 10:00-нан кешкі 19:00-не дейін шектеуді ұсынып отыр. Бұл туралы «Қазақстан Республикасы қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» қаулының жобасында жазылған, деп хабарлады КТК.

Ақша айырбастаған тұлғаларға қатысты ақпараттың қалай тіркелетіні 51-ші тармақта көрсетілген. Құжат 16 тамызға дейін қоғам талқысына түседі. Экономистердің пікірінше, Ұлттық банктің бастамасы шикі және ел экономикасын тығырыққа тірейді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгерді?

«Аяқ астынан бір адам валюта айырбастағысы келсе, амалын табады. Бұл жерде валюта айырбастау пункттерінің жұмыс уақытын шектеу арқылы көлеңкелі бизнеске жол ашамыз. Себебі, ақшаны жасырын, қолма-қол сататындардың саудасы қызады. Оған қоса, валютаны бір алғанда, сауда 500 мың теңгеден аспауы керек деген де күлкілі. Сонда құны 15 000 доллардан асатын жылжымайтын мүлікті сатқандар не істемек?», — дейді Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры Әкімжан Арупов.



sputniknews.kz