Қазақстанда 425 бала коронавирус жұқтырған

0

Отбасы мүшелерінің барлығы коронавирус жұқтырса, онда олар бір палатаға жатқызылуы мүмкін. Өңірлерде бұл төсек-орын қорына байланысты шешіледі

НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Қазақстанда 425 бала вирус жұқтырды. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бүгінгі таңда елімізде коронавирус жұқтырған 425 бала тіркелді. Барлық бала инфекциялық стационарларға орналастырылады. Бір жасқа дейінгі сәбилер міндетті түрде анасымен жатқызылады», — деді Бюрабекова тікелей эфирде.

Бүтін бір отбасы коронавирус жұқтырса, онда отбасы бір палатаға жатқызылуы мүмкін. Өңірлерде мұндай шешім төсек-орын қорына байланысты шешіледі.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырған бұрынғы вице-министр емделіп шықты 

Бюрабекованың айтуынша, қазір стационарлық карантинде 3 мыңнан аса адам жатыр, 6 мың адам үй карантиніне алынған.

Вице-министр үй карантинін бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертті.

Соңғы деректерге сүйенсек, республикада барлығы 6751 адам коронавирус індетіне шалдықты. Ең көбі Алматы қаласында –  1872, Нұр-Сұлтанда – 1287, Атырау облысында 769 адам тіркеліп отыр.

Бүгінге дейін 3515 адам дертінен айықты, отыз бес науқас қайтыс болды.



sputniknews.kz