Қазақстанда 4 белсендінің қамаудағы мерзімі ұзартылды

0

Алматы Тергеу соты 15 желтоқсанда төрт белсендінің қамаудағы мерзімін тағы бір айға ұзартты. Олар — 37 жастағы Қайрат Қылышев, 47 жастағы Асхат Жексебаев, 48 жастағы Абай Бегімбетов және 55 жастағы Ноян Рахымжанов, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Сот шешіміне сәйкес, Қылышев Алматы тергеу изоляторында 2021 жылдың 30 қаңтарына дейін, Бегімбетов 23 қаңтар, Жексебаев 22 қаңтар, Рахымжанов 29 қаңтарға дейін отырады.

Бұл жөнінде Азаттыққа адвокаттар Ғалым Нүрпейісов пен Жанар Балғабаева хабарлады.

Асхат Жексебаев 22 тамызда Ақтау қаласында ұсталып, сол күні Алматыға жеткізілген. Абай Бегімбетов болса 23 тамызда Алматыда ұсталған. Сол күні оны екі айға қамау туралы шешім шығарды. Қайрат Қылышев болса 30 тамызда ұсталған.

Жексебаев, Бегімбетов және Қылышев «елде тыйым салынған «Көше партиясы» ұйымның жұмысына қатысты» деген күдікпен ұсталған.

Екі ай өткен соң, 29 қазанда Ноян Рахымжанов та тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты және экстремистік топ құрмақ болды деген күдікпен ұсталды.

Биыл мамыр айында бас прокуратураның шағымы бойынша Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты «Көше партиясын» «экстремистік ұйым» деп таныған. Прокуратура «Көше партиясы» елде «экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп санайды.

ҚДТ қозғалысын шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. 2018 жылы наурызда сот бұл қозғалысты «экстремистік» деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

ҚДТ мен «Көше партиясын» экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.

Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде елде сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы» қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген немесе айыпталған 110-нан астам адам бар. Бұл екі ұйымды Қазақстан соты «экстремистік» деп танығанмен Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп сипаттаған.