Қазақстанда 350 млн теңгенің мультфильмі жарыққа шығады

0
1110

Жыл соңына дейін елдегі кішкентай көрермендер назарына бірнеше отандық заманауи мультфильм ұсынылмақ. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қазақстандық мультипликаторлармен кездесуі барысында айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстандық анимация ренессансты бастан кешуде. Біз креативті шешімдерді ұсына білетін, заманауи, қызықты өнім жасайтын талантты жастарға қолдау көрсетеміз. Жуырда біз жаңа жобаларға серпін беріп, жас мультипликаторлардың біліктілігін арттыру мақсатында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құрдық. Біз бірнеше байқау жарияладық, қазірдің өзінде тырнақалды нәтижелерді көріп отырмыз. Біздің басты талабымыз — балалар үшін сапалы, қызықты, лайықты мультфильмдерді шығару, — деп атап өтті Дәурен Абаев.

Кездесу барысында «Ашина. Көкбөрілер туралы аңыз» толықметражды мультфильмін жасау жұмыстары таныстырылды. Оның шығуы 2024 жылдың басына жоспарланған, анимациялық фильмнің жалпы бюджеті 350 миллион теңгені құрайды.

Бір ғана анимациялық фильмді жарыққа шығару үшін 50-ге жуық маман еңбек етіп жатыр. Бұл картина бірнеше кезеңнен тұратын үлкен еңбекті, уақытты қажет етеді. Әрине, ең алдымен, сарапшы, тарихшылармен көптеген кездесулер өткізіп, сценарий жаздық. Кейін кейіпкерлердің суретін салып, 3D модельдеу, текстуралық 3D форматында жұмыс істедік. Суретшілердің еңбегінен кейін аниматорлар мен визуализаторлар визуалды эффектілерді қосып жатыр. Біз ішінара монтаждау жұмыстарына кірісіп кеттік, жұмыс қарқынды жүруде. Жобаның басы-қасында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері жүр, осы мультфильмді жасап жатқан да солар, мұны қуана атап өткім келеді, — деді студия директоры Ділшат Рахматуллин.