Қазақстанда 3 мың ұстаз бен дәрігерге пәтер беріледі
Қысқа сілтеме алу
Арендалық баспана 20 жылға беріледі. Осы уақыттың ішінде оны мерзімінен бұрын жеке меншікке аударуға мүмкіндік бар
НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Қазақстанда 3 мың ұстаз бен дәрігерге пәтер беріледі. Аталған бастаманы Қазақстаның ипотекалық компаниясы қолға алып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Компания басшысы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, бағдарлама шарттарына сәйкес, әрбір пәтер 20 жылға жалға беріледі. Алайда баспананы кез келген уақытта ешбір айыппұлсыз мерзімінен бұрын сатып алуға болады. Кірістің көлемі жеткіліксіз болса, кепілгерлерді тартуға мүмкіндік бар. Бастапқы жарна салудың қажеті жоқ.
Тағы оқыңыз: Елордада көпбалалы отбасыларға 150 баспана беріледі
Осы бағдарлама қатысатын азаматтардың тізімін министрліктер жасайды. Ал Қазақстанның ипотекалық компаниясы үміткерлердің төлем қабілеттілігін тексеріп, жалдау келісімшарттарын рәсімдейді. Жоспар бойынша алдағы екі жылда 3 000 арендалық пәтер таратылады. Ол ұстаздар мен дәрігерлер арасында тең бөлінеді.
«Біз алдымен министрліктердің тізмін күтеміз. Одан кейін дайын пәтерлерлі сатып аламыз да, тізім бойынша таратамыз. Пәтерлерді сатып алуға 40 миллиард теңгеміз бар. Бұл – бюджеттік емес қаражат. Бір пәтердің ауданы 80 шаршы метрден аспайды. Сосын Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бір шаршы метрдің бағасы 260 000 теңгеден аспауы тиіс. Ал аймақтарда аталған көрсеткіш 220 000 теңгеден артық болмауы шарт», — дейді Мұхамеджанов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Ресми мәліметке сәйкес, 50 шаршы метрді құрайтын арендалық пәтердің орташа бағасы 13 миллион теңге болса, 20 жылдың ішінде ай сайын 60-70 мың теңге төлеу керек.
«Сосын пәтерді рәсімдегені үшін 1 проценттік төлемақы бар. Мәселен, 13 миллион теңгенің 1 проценті – 130 000 теңге. Бұл көп ақша емес деп ойлаймын. Осы соманы біздің жұмысымыз үшін төлеу керек. Ал жалпы жылдық мөлшерлеме 3 процентті құрайды. Себебі біз пәтерлерді сатып алғанда ақшаны қарызға аламыз. Ол шығындарды да өтеуіміз керек», — деп атап көрсетті ол.
Айта кетейік, бүгінде денсаулық сақтау саласында 15 000 қызметкер баспанаға зәру. Ал білім саласында 10 000 маман пәтерсіз жүр.
sputniknews.kz