Қазақстанда 200-ден астам дәрігер коронавирус жұқтырды. Қытайдан келген мамандар не дейді? — Қазақстан жаңалықтары

0

Соңғы мәліметтерге сәйкес елде 200-ден астам медицина мамандары коронавирус індетін жұқтырған. Қытайлық мамандардың айтуынша, бұл — Қазақстан үшін тым көп, деп Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

коронавирус

Қорғану шаралары ең алдымен ақ халаттылардан басталуы керек, дейді Қытайдан келген мамандар. Дегенмен, олар мұндай факт алғашқыда Қытайда да көптеп тіркелгенін мойындады. 

Қытайда вирус жұқтырған 3500-ға жуық медицина мамандарының басым бөлігі коронавируспен бастапқы айларда ауырған. Қытайлық мамандардың сөзінше, олар алғашқыда вирустың қаупіне баса назар аудармаған, сондықтан Қазақстан бұл қателікті қайталамауы керек. 

«Коронавирус жұқтырған 1000-нан аса адамның 100-ден астамының медицина мамандары болғаны Қазақстан үшін көп. Сондықтан осы мәселеге ең бірінші көңіл бөлу керек. Ақ халаттылар 2+ санатынан жоғары қорғаныш костюмдерін киюі керек. 3 қабатты маска вирустан қорғай алмайды, ЭН-95 санатына жататын бетперде берілуі керек. Ал медициналық ғимараттарда санитарлық талап сақталып, жиі дезинфекция жүргізілуі керек», — дейді Қытайдың инфекционист-дәрігері Лу Сяобо.

Шұғыл жетекшілік шара, күдікті және байланыста болғандарға жиі тест жасау, карантин, дезинфекция — Қытайды қауіптен құтқарған осы амалдар, дейді мамандар. Тағы бір ескеретін жайт, вирусқа қарсы препараттардың кейбірі науқастың жүрегіне, бүйрегіне кері әсер еткен. Сондықтан, кешенді ем тағайындаған кезде науқастың ауру тарихына зер салу керек. Ақ халаттылардың иммунитетін көтеру алғашқы атқарылатын шаралардың бірі.

«Біз дәстүрлі Қытай медицинасымен қоса, заманауи емдеу шараларын қолдандық. Бірінші кезекте иммунитетті көтеріп, жалпы жағдайды жақсартуға назар аударамыз. Кешенді шаралар сау адамдарға да, науқастарға да қатысты. Бұл тізімнің алғашқы қатарында ақ халаттылар мен полиция қызметкерлері бар. Өйткені олар ауырса халықты вирустан кім қорғайды», — деді ҚХР нефролог-дәрігері Лу Чэнь.

Оның айтуынша, дәрігерлер төрт әрекетті жылдам ұйымдастыруы керек: ерте анықтау, оқшаулау, емдеу және алдын алу шаралары.

31 жыл пульманолог қызметін атқарған қытайлық маман Чжу Юлунның айтуынша, коронавирустың таралу қауіпі SARS вирусынан да қатерлі.

«Коронавирустың жеңіл түрін жұқтырған науқастар дерттен толық айығады. Болашақта өкпеге әсер ете ме деп қорқудың қажеті жоқ. Ал ауыр түрін жұқтырғандардың өкпесінде зақым қалады. Ал денсаулыққа қалай әсер ететіні адамның ағзасына байланысты», — деді ол.

Қытайда емдеудің 7 бағдарламасы әзірленген, ал Қазастанда — бесеу. Алдағы уақытта қытайлық дәрігерлер эпидомологиялық жағдайды бақылап, осы бағдарламаларға қатысты ұсыныстарын айтады.

 

stan.kz