Қазақстанда 2 миллионға жуық азаматтың жалақысы өсті
Президенттің тапсырмасымен жалақысы 63 125 теңгеден төмен жұмысшылардың салық жүктемесі 10 есеге төмендетілді
АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Енді 2 миллионға жуық қазақстандық жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады. Бұл туралы бүгін ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту болатын. Бүгін үкімет отырысында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов өзгерістер 1 қаңтардан бастап күшіне енгенін атап өтті.
Қазақстанда орташа айлық жалақы қаншаға жетті?
«Салық кодексінде жалақысы 63 125 теңгеден төмендер үшін тәртіп өзгерді. Олардың салық жүктемесі 10 есе төмендетілді және 2 миллионға жуық жұмысшы жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады», — деді Дәленов.
Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу бойынша өзгерістер 2019-2021 жылдары жергілікті бюджеттердің 93,7 миллиард теңге мөлшеріндегі шығындарына әкеледі. Аталған шығындар республикалық бюджет комиссиясының 2018 жылғы 2 сәуірдегі отырысында қаралды және мақұлданды.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмендер салықтан босатылды
«Жергілікті бюджеттердің кірістері жеңілдік есебінен төмендемейді», — деді ол.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/