Қазақстанда 15 мың мұғалімге 176 млн теңге төленді
Қысқа сілтеме алу
Инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істеген ұстаздарға үстемақы төленбей келген
НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір — Sputnik. Прокуратура тексерісінен кейін ұстаздарға 176 миллион теңге төленді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Прокуратура органдары жалпы білім беретін мекеме қызметкерлерінің еңбек құқықтарының сақталуын тексерген болатын.
«Талдау барысында еліміз бойынша 15 305 педагогқа 2016-2018 жылдардағы оқу кезеңінде инклюзивті білім беру аясында ерекше білім алатын балалармен жұмыс істегені үшін үстемеақы төленбей келгені анықталды», — деп жазылған Бас прокуратураның ақпаратында.
Ал мұндай балалармен жұмыс істейтін педагогтар қолданыстағы заңнамада көрсетілген жалақыдан 40% мөлшерінде үстемақы алуы тиіс («Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйым қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» үкіметтің 31.12.2015 жылғы № 1193 қаулысы, «Білім туралы» заңның 52-бабының 4-тармағы).
Тағы оқыңыз: Министр мұғалімдердің 48 жасында зейнетке шығу мүмкіндігі туралы айтты
«Прокурорлық қадағалау актілерін қарау нәтижесі бойынша заң бұзушылықтар жойылып, қызметкерлерге 176, 2 миллион теңге мөлшерінде төлем жасалды», — деді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
sputniknews.kz