Қазақстанда 15-18 жастағы әр мың қыздың 36-сы ана атанады

0
27 Қараша 2018, 18:32 234 0

Астана. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін әлеуметтік желіде үлкен дау тудырған «16 жастағы жасөспірімдердің ата-анасының келісімінсіз жасанды түсік жасауы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Елімізде 16 жастан бастап жеке куәлік алып, отбасын құруға заң жүзінде рұқсат берілген, бірақ осы жастағы жасөспірім ата-ананың рұқсатынсыз толыққанды дәрігерлік тексерістен өте алмайды.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы еліміздегі репродуктивті емге қол жеткізу үшін жасөспірімдердің жасын 16 жасқа дейін төмендету керек деп санайды. Себебі осындай медециналық көмек, алдын алу препараттары оларға қолжетімсіз болуы салдарынан тастанды бала, жасанды түсік жағдайлары орын алып жатыр. Әлеуметтік желіде тараған «Ата-анасының келісімінсіз 16 жастағы жасөспірімдердің жасанды түсік жасатуы» туралы жаңалық бұл айтылған ұсыныстардың бір бөлшегі ғана. Негізгі бұл тақырып өте күрделі, сондықтан әр сөзге абай болу керек. Біздің ұйым бұл сөзді жоққа шығармайды, ол жерде тек жасанды түсік мәселесі ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдерге алдын ала сауаттандыру және өмірлік маңызы жайында да айтылған болатын», — дейді БҰҰ Қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы өкілі Райымбек Сисемәлиев.

Статистикалық мәлімет бойынша, жылына 15-18 жастағы 1000 қыздың 36-сы ана болған. Қытаймен салыстырсақ, оларда әр 1000 қыздың екеуі ғана босанады. Мұндай айырмашылық Қазақстанда медициналық қызметке, арнайы дәрілерге және арнайы алдын алу біліміне қолжетімсіздіктен туындап отыр.

«Елімізде 15-18 жас аралығындағы азаматтардың 30 проценті төсек қатынасына түседі. Міне, осы жастар ата-ананың көмегінсіз өздеріне көмектесе алмайтыны қатты қынжылтады. Көптеген қауіпті аурулар жыныстық жолмен пайда болады және таралады. Біздің жастар бұл тұрғыда сауатсыз, себебі үйде бұл тақырыпта әңгіме қозғалмайды, мектептерде арнайы пән жоқ, ал медициналық қызметкерлер рұқсатсыз көмек бере алмайды. Біздің елімізде ғана кәмелеттік жасты 18 жас деп есептейді. Ресейде 14 жастан бастап, Өзбекстанда 15 жастан бастап жасөспірімдер өз еркімен шешім қабылдауға мүмкіндіктері бар. Қазақстанда осы жастағы адамға бала ретінде қарау қалыптасқан, бұл – қате. 16 жастағы жасөспірім толыққанды ойлай алатын азаматқа жатады», — дейді Райымбек Сисемалиев.

Шара барысында жасөспірімдерге арналған гинеколог, андролог және психолог мамандары қажет және оларға арнайы мекеме ашылу керек екені айтылды.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ