Қазақстанда 1-3 баласы бар отбасыларға жәрдемақы төлене ме – министрдің жауабы

1
121

Көпбалалы аналарға жаңа жәрдемақы енгізілгеннен кейін, 1-3 баласы барлар да мемлекеттен көмек болса деген өтініштерін білдіре бастады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов көпбалалы емес отбасыларға жәрдемақы төлене ме, жоқ па деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Біз көпбалалы отбасыларға жаңа жәрдемақы енгіздік. Қазір оны 370 мың отбасы алып жатыр. Енді төрт баладан аз, бір, екі, үш баласы барлар да бізге де сондай жәрдемақы берілсе деген өтініштерін білдіріп жатыр. Қазір министрліктің ішінде әртүрлі тәсілдерін қарап, қаржыны есептеп жатырмыз. Бірақ, бұл мәселе, қаржы мүмкіндігіне байланысты», – деді Нұрымбетов мәжілісте өткен кездесуде.

Айтуынша, жаңа жәрдемақыны алатын 370 мың отбасының 125 мыңы тұрмысы төмен жанұялар. Ал бір, екі, үш балалы тұрмысы төмен отбасылардың саны 190 мың. Қазақстан бойынша 1-3 баласы барлар саны 2 миллион 904 жанұя . Яғни, он бес есе көп, деп жалғастырды министр.

«Сондықтан ол он бес есе артық қаражатты талап етеді. Екіншіден, дәулетті, жағдайы жақсы отбасыларға осы жәрдемақыны төлеу керек пе, жоқ па, ол да үлкен сұрақ. Сондықтан біз әлі ешқандай шешімге келген жоқпыз. Бірақ, оның бәрін қарап жатырмыз», деп сендірді ол.

Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, көпбалалы отбасыларға жаңа жәрдемақы төлене бастады. Оның басты ерекшелігі – жәрдемақы табысына қарамастан төленеді. Ол бала санына қарай ай сайын беріледі.

Жаңа жәрдемақының мөлшері:

  • 4 балаға – 42 496 теңге;
  • 5 балаға – 53 127 теңге;
  • 6 балаға – 63 757 теңге;
  • 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.

sputniknews.kz