Қазақстан жастарының «оянуы» және элитаға төнген қауіп

0
73

НҰР-СҰЛТАННЫҢ БАЙЛЫҒЫ МЕН КЕДЕЙЛІГІ

“Кетті, бірақ ұмытылған жоқ: президент Назарбаевтан кейінгі Қазақстан”. Өткен апта француздың France-24 телеарнасында осы атпен шыққан 17 минуттық видеорепортажда билік транзитінің қазақстандық үлгісі сөз болады. Арна журналистерінің айтуынша, халықаралық қауымдастық таза да әділ сайлау деп мойындамаған сайлауларда бес рет қайта сайланған совет дәуірінің “өнімі” Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуі көпшілік үшін күтпеген оқиға болды. Сарапшылардың пікірінше, биліктен кету туралы шешімге Назарбаевтың қарттығы және көрші Өзбекстандағы сценарий қайталана ма деген қауіп себепкер болған (биыл ол 79 жасқа келеді). Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов мемлекет басшысы қызметін атқарып жүріп көз жұмған.

“Назарбаев зейнетке шығуды бұрыннан жоспарлап жүрген болса керек” деген France-24 оған “елбасы” атағымен қоса кең құзыреті бар қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару мүмкіндігі берілгенін еске салады.

Назарбаев “авторитаризмді әлемге деген ашықтықпен ұштастыра алды”, әрі ол ресми түрде отставкаға кетуге шешім қабылдаса да, елде әлі де наразы жұрттың аузына қақпақ қойылып жатыр, ал “жеке басқа табыну бүкіл елді жайлап тұр” деп қорытады France-24.

Видеоматериалда кең даңғылдар мен жарқыраған жаңа ғимараттар және тұрғындары көшедегі құдықтан су алатын, “әсем билбордтардың тасасына жасырылған” трущобалар сияқты астананың кереғар бейнелері көрсетіліп, қазіргі билік туралы әркелкі пікір берілген.

Астананы жобалауға қатысқан сәулетші Серік Рүстембековтың айтуынша, Қазақстандағы “жағдай көз ілеспес жылдамдықпен өзгере береді”: астананы Алматыдан Астанаға (бұрынғы атауы – Ақмола) көшіру, оның атауын Нұр-Сұлтанға ауыстыру туралы шешімдер бір-ақ күнде қабылданды деуге болады.

Репортаж кейіпкерлерінің бірі – Тараздан келген жас қыз, Назарбаев орталығының гиді Фариза Рахманова. Ол мектеп оқушыларына экскурсия ұйымдастырып, оларға Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын айтып, оны “жастарға рух беретін тұлға” деп сипаттайды. Экскурсовод кең фойеде отырған балаларға Ақордадағы резиденциясынан кеткен бірінші президенттің кабинеті Назарбаев орталығының ең соңғы – тоғызыншы қабатына орналасқанын айтты. Видеокамера объективі жоғары бұрылып, кадрда алтындалған ауыр ақ есік, өрнектелген қабырға көрінеді. Оқушылар “ол жаққа шығуға бола ма?” деп сұрайды. “Жоқ, тоғызыншы қабатқа орталық қызметкерлерінің барлығы көтеріле алмайды” дейді экскурсовод.

France-24 Астананы Нұр-Сұлтан етіп ауыстыруға қарсы адамдардың наразылығынан хабар таратқаннан соң айыппұл салынған “Настоящее время” хабарының журналисі Светлана Глушкова туралы айтады. Содан соң әкімдікке келіп, жәрдемақы беруді талап еткен көп балалы аналарды көрсетеді. Аналар келген әкімдік ғимаратының маңында тұрған полиция автобустары да көзге шалынады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев (ортада) пен Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтановтың наразылыққа шыққан аналар ортасына келген сәті. Нұр-Сұлтан. 16 мамыр, 2019 жыл.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев (ортада) пен Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтановтың наразылыққа шыққан аналар ортасына келген сәті. Нұр-Сұлтан. 16 мамыр, 2019 жыл.

Репортажда Назарбаевтың өкілетін аяқтаған соң да билік тізгінін қолында ұстап қалғаны айтылады. Оған “елбасы” атағы және өмір бойы қауіпсіздік кеңесін басқару құқығы берілді, бұған қоса оның үлкен қызы Дариға Назарбаева мемлекеттік қызметтер иерархиясында президенттен кейінгі екінші лауазым – парламент сенатының төрайымы болып сайланды.

“КРЕАТИВТІ ҚАРСЫЛЫҚТЫҢ” ӨРШУІ ЖӘНЕ “ОЯНҒАН” ЖАСТАР

Нидерландыда орналасқан үкіметтік емес медиа ұйым Global Voices-тың вебсайтында жарық көрген “Шындықтан құтыла алмайсың: президент сайлауы қарсаңындағы ерекше арт-наразылықтар” деген мақалада елдегі қарсылықтың күшейіп жатқаны және оған биліктің реакциясы сөз болады. Материалда “Шындықтан құтыла алмайсың” деген баннер ұстап шыққан жастардың қамалуы және белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтың тұтқынға алынып, Сүйінбике Сүлейменова Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованың әкімшілік жауапқа тартылуы туралы айтылады.

“Мұнда тежеу логикасы жұмыс істейді. Наразылық күшті, полиция оларды қамамаса, қарсылықтың ауқымы арта береді. Ал Төлесова мен Толымбековтың жағдайында олардың жария акциясына режимнің қатаң жауабы кері нәтиже берді. #Шындықтанқашыпқұтылмайсың деген хэштег елдің онлайн-тарихындағы кез келген оқиғаға бәсеке бола алатын мемге айналып шыға келді” деп жазады Крис Риклтон.

Сүйінбике Сүлейменоваға қарсы сот процесінде оның жақтастары ауыздарына “ұят” деп жазылған скотч жапсырып алды. Adamdar сайты бұл ұжымдық демонстрацияны “Қазақстан тарихындағы ең елеулі арт-наразылықтардың бірі” деп атады.

Оралдағы орталық алаңға ақ қағаз ұстап шыққаны үшін қамалған белсенді әрі видеоблогшы Аслан Сагутдиновтың айтуынша, жағдайды өзгертпесе, елдегі ахуал бұрынғыдан да нашарлай бермек.

"Шындықтан қашып құтылмайсың" баннері үшін әкімшілік жазаға тартылған Сүйінбике Сүлейменованы сотқа қолдап келген азаматтар. Алматы, 16 мамыр 2019 жыл.

«Шындықтан қашып құтылмайсың» баннері үшін әкімшілік жазаға тартылған Сүйінбике Сүлейменованы сотқа қолдап келген азаматтар. Алматы, 16 мамыр 2019 жыл.

“Саяси көкірек көзі ояу жастардың көбі жалған демократияның көрінісі саналатын сайлаудан бас тартатын сияқты” деп жазады автор. Еркін де әділ сайлау болмаған елде олар қалаған өзгеріс сайлау процесі арқылы жүзеге асатынына жас сайлаушыларды сендіру қиын дейді журналист.

“Жастардың жаңа көзқарасы Сүлейменова мен Төлесова қатысқан #менояндым деп аталатын видеороликтен жақсы байқалған сияқты” деп қорытады Global Voices.

Нью-Йоркте орналасқан үкіметтік емес медиа ұйымның Waging Nonviolence.org сайтында жарық көрген “Сайлау қарсаңындағы креативті қарсылық толқыны Қазақстанның элитасына айбат шекті” деген мақалада наразылықтың өршіп келе жатқаны туралы жазады. “Үкімет бейбіт шерулерді күшпен реттеп, оның қатаң заңдарын бұзуға батылы барғандарды қатты жазалайтын Қазақстанда соңғы кездері креатив наразылық күрт артты” дейді автор.

Мақалада америкалық Foreign Policy журналының тілшісі Рейд Стэндиштің “отставка Назарбаев үшін ішкі қарсылықтан қашып құтылудың амалы” деген сөзі келтірілген.

“Қазір жүріп жатқан саяси транзит алдамшы тұрақтылықтың қабырғасындағы сызатты көрсетеді, осыған жету үшін Назарбаев ондаған жылдар бойы жұмыс істеді” дейді Стэндиш.

Қазақстанда арт-наразылықтың артуына “Интернетті жаппай пайдалану” бір себеп болған. 2007 жылы Қазақстан халқының тек 4 пайызы Интернетті пайдаланса, қазір бұл көрсеткіш 70 пайызға артқан.

«Бұқаралық технология коммуникациясы ұжымдық шараларға қатысу құнын арзандатады, дегенмен пост, комментарий жазып, лайк басып, цифрлық қатысу көзге көрінетін саяси және әлеуметтік өзгерістерге кепіл бола алмайды. Бұл әсіресе мемлекеттік репрессиямен күресіп жүрген белсенділер арасында ұйымшылдықтың жоқтығынан байқалады, себебі дауысы шығатын диссиденттер не қуғында жүр, не түрмеде отыр, ал саяси және әлеуметтік оппозиция жойылған. Флешмоб, баннер сияқты креатив шаралар керемет әсер қалдырып, жұрт назарын аударғанымен, бұл әрекеттердің бір реттік сипаты олардың ерекше ықпал ете алмайтынын аңғартады” деп жазады Wagingnonviolence.org сайты.

Дегенмен зорлыққа шақырмайтын демонстрацияның соңғы апталарда цикл түрінде дамуы цифрлық және шынайы саясаттың арасындағы шекараның бұзылып бара жатқанын байқатады. Күш қолданбайтын әрекеттерді креатив түрде қайталап ұсынумен қоса әлеуметтік желі үш нақты әдіспен режимнің қолын байлап отыр деп жазады мақала авторы.

Біріншіден, “технология халықаралық қатысушылармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді”. Бейбіт наразылықты күштеп басу әрекетінің фотоларын жариялап, сот процестерін ағылшын тіліне аударып, Интернетке орнатылған мемлекеттік бақылауды сынау арқылы қазақстандық белсенділер сырт әлемді өзіне қарата алды, ал олар Қазақстан үкіметіне әртүрлі деңгейде ықпал етуі мүмкін.

Екіншіден, адамдардың конституциядан дәйексөз келтіргені не ақ қағаз ұстап шыққаны үшін қамалуы – мемлекет үшін жақсы емес. Полицияның бейбіт әрекеттерге реакциясының қисынға келмейтіні биліктің өзін әлсіретіп, оларды пікір білдіру, қоғамдық жиналыс өткізу әрекеттерін шектеу мүмкіндіктерін азайтады, себебі мұны паранойя деп түсінуі мүмкін.

Конституциядан үзінді жазылған баннер Алматы көшесінде ілініп тұр. 29 сәуір 2019 жыл.

Конституциядан үзінді жазылған баннер Алматы көшесінде ілініп тұр. 29 сәуір 2019 жыл.

​Үшіншіден, дәстүрлі репрессия әдістерін қолдануды үйренген билік өзгеше ойлайтындардың аузын да жапқысы келеді, бірақ бұған қауқары жетпейді. Интернеттің жиі бұғатталуы саяси контентке қызықпаған, Facebook, Instagram және YouTube-ты ашуға тосқауыл қойғанға дейін VPN қолданбаған адамдарды бүлдіргі контент іздеуге итермелеуі ықтимал деп жазады Wagingnonviolence.org.

“Сынаушылардың аузын жабуға тырысу арқылы билік цифрлық және материалдық сфераларды қамтыған кретив демонстрацияның цикл түрінде өршуіне жол ашты. Өнер адамдары Алматыда көтерілген баннерлерден үлгі алып, үйлердің сыртына граффити салып, жейдесіне жазу жазып, ән жаза бастады. Қазақстанның билік элитасы мина қойылған дала ойынын бастаған сияқты, бірақ олардың бұл ойында жеңе алмасы белгілі” деп жазады Wagingnonviolence.org.

АРМЕНИЯ ОРДЕНСІЗ ҚАЛДЫ

Eurasianet.org ағылшынтілді сайтындағы “Қазақстанда Пашинянды марапатсыз қалдырды” деп аталған мақалада Нұр-Сұлтанда өткен Еуразия экономикалық одағының саммитінде Армения премьер-министрі Никол Пашинянға орден берілмегенін айтады.

“Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасы Нұрсұлтан Назарбаев” орденін Назарбаев өз қолымен Ресейдің, Беларусьтың және Қырғызстанның президенттері – Владимир Путин, Александр Лукашенко және Сооронбай Жээнбековке өз қолымен табыс еткен. Ал Никол Пашинян орден тапсыру рәсіміне қатысқан жоқ – саммиттің ресми бөлігі біткен соң ол Қазақстанның армян қауымдастығымен кездесуге кетіп қалған.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян ЕАЭС саммитінде. Нұр-Сұлтан, 28 мамыр 2019 жыл.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян ЕАЭС саммитінде. Нұр-Сұлтан, 28 мамыр 2019 жыл.

​Армениядағы жұрттың көбі мұны дүрдараздықтың белгісі деп түсінген. Алайда Пашинянның баспасөз хатшысы Владимир Карапетян бұл болжамды бірден жоққа шығарды.

“Орден мен медаль неге берілмеді?” деп Пашинянның өзінен сұрағанда ол “бес жыл бұрын Еуразия экономикалық одағын құруға қатыспағанымнан болуы мүмкін” деген. 2014 жылы Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қойылғанда Путин мен Лукашенконың болғаны рас. Ал Жээнбеков үкіметке қарсы жаппай наразылық салдарынан Никол Пашинян билікке келерден алты ай бұрын ғана Қырғызстан президенті болып сайланған.

“Қазір Арменияның Еуразия экономикалық одағына төрағалық етіп отырғанын, ал Пашинянның бұл блоктың жұмыс ауқымын кеңейтуге ерекше ықылас білдіріп жүргенін ескерсек, мұндай елемеу тым дөрекі көрінді. Армения мен Қазақстан арасы салқын, оның бір себебі – Қазақстанның Әзербайжанға бүйрегі бұрады. Дегенмен Назарбаев жұрт алдында Ереванмен арадағы байланысқа жоғары баға берді” деп жазады Eurasianet.org.

Azattyq