Қазақстан жастары алғашқы кездесуде жеңіске жете ме
2018 жылғы 27 желтоқсан 22:41 193
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін Канадада хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионаты жалауын көтереді. Әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасы бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біздің құрама Б тобында ойнайды. Қарсыластары — Швеция, Америка Құрама Штаты, Финляндия және Словакия құрамалары. Ал А тобында Канада, Чехия, Ресей, Швейцария, Дания құрамалары шеберлік байқасады. Әлем чемпионаты ойындары 2018 жылдың 26 желтоқсаны мен 2019 жылдың 5 қаңтары аралығында өткізіледі.
Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуінде 28 желтоқсанда Астана уақытымен 09-30-да Финляндияға қарсы өткізетін болады. Ал дәл осы уақытта 29 желтоқсанда АҚШ-пен, 31 желтоқсанда Словакиямен, 1 қаңтарда Швециямен мұз айдынға шығады. Биылғы әлем чемпионатында әрбір топтан алғашқы төрт құрама ширек финал сатысына жолдама алады. Ал 2 қаңтарда ¼ финалдық ойындар болса, оның жеңімпаздары 4 қаңтарда жартылай финалда кездеседі. Ал 5 қаңтарда әлем чемпионатында алтын медальді қай құрама алатыны анықталады.
Әлем чемпионатында ел намысын қақпада Еремеев Демид, Каратаев Денис, Нурек Владислав, қорғаныста Данияр Самат, Орехов Валерий, Шинкарецкий Евгений,Мұсабаев Ернар, Хрипков Ярослав, Королев Артем, Мұратов Давид, шабуылда Данияр Саян, Гатиятов Артур, Макуцкий Давыд, Верещагин Иван, Жорабек Айдос, Мұратов Батырлан, Бойко Олег, Гусейнов Диас, Мусоров Максим, Буяльский Андрей, Дёмин Руслан, Митенков Дмитрий, Третьяковский Данил қорғайтын болады. Олар «Снежные барсы», «Алтай-Торпедо», «Теміртау» және «Алтай» командаларында ойнайды.
Хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионаты 1977 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін 6 құрама чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Атап айтқанда, Канада 17, Ресей (КСРО мен ТМД-ны қоса есептегенде) 13, Финляндия мен АҚШ 4, Чехия (Чехословакияны қоса есептегенде) 3, Швеция 2 мәрте алтын медаль алды. Біздің құрама топ-дивизионда 1999 жылы алғашқы алтылыққа енді. Бұл — бүгінгі күнге дейінгі ең жоғары көрсеткіші. Ал 1997 жылы біздің жігіттер жетінші орынға ие болды.
Еліміздің 20 жасқа дейінгі жастар құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Ширек ғасырдан бері біздің хоккейшілер әртүрлі дивизионда бақ сынады. Біздің хоккейшілер топ-дивизионда 1998-2011, 2008-2009 жылдар аралығында сынға түскен. Былтыр Францияда өткен бірінші дивизионның А тобында көш бастап, үздіктер қатарына сегіз жылдан астам уақыттан кейін қайта оралды. Франция жерінде овертаймда Германияны 3:2, буллиттен Латвияны 3:2, Венгрияны 5:3, Австрияны 3:2 және Франияны 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Біздің құрама 28 желтоқсанда сағат 9.30-да Финляндиямен мұз айдынға шығады. Аталмыш кездесу Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz