Қазақстан және Ресей сенаторлары Ақтауда кездесті

0

Сенат Төрағасының орынбасары С.Громов Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылған Каспий маңы мемлекеттері басшыларының Ақтау саммитінің қорытындыларын Астана жоғары бағалайтынын атап өтті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Конвенция теңіздің суын, түбін, қойнауын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда осы су айдынына қатысты тараптардың барлық құқықтары мен міндеттемелері айқындалған және реттелген «Каспий теңізінің конституциясы» болып табылады.

Бұл құжат теңіздегі құқықтар мен егемендіктің аражігін ажыратуға, қойнауын пайдалану, транзит пен тасымалдау құқықтарын жүзеге асыруға, су асты құбырлары мен желілерді жүргізуге, тариғи орта мен биологиялық ресурстарды қорғауға байланысты ауқымды мәселелерді қамтиды.

Сенат Төрағасының орынбасары осынау ерекше құжатқа қол қою жөніндегі келісімге келудегі Ресей мен Иранның үлесін жоғары бағалады.

— Конвенцияны біздің парламенттеріміздің ратификациялағаны маңызды болып отыр. Биылғы 6 қарашада Конвенцияны ратификациялау жөніндегі құжаттар топтамасы  Қазақстан Республикасының Үкіметінде қаралғанын хабарлаймын. Конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын Үкімет алдағы екі аптада Парламент Мәжілісіне береді деп күтіп отырмыз, деді С.Громов.

Отырыста Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Аграрлық-азық-түлік саясаты және табиғатты пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Сергей Белоусов және Иран Ислам Консультативтік Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Масуд Пезешкиан Конвенцияны уақытында ратификациялаудың маңызы туралы айтты.

Отырыс барысында екі елдің сенаторлары Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында Маңғыстау облысы мен Ресейдің Дағыстан Республикасын мысал ете отырып, шекаралық аймақтарды дамытуды, Каспийдегі туризм, экология мен биоресурстарды қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

С.Громов пен Иран Ислам Консультативтік Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Масуд Пезешкианның кездесуінде парламентаралық ынтымақтастық және екіжақты қатынастарды, оның ішінде парламентаралық үнқатысуларды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы