Қазақстан үшін бұл жобаның маңызы зор

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Президенттің айтуынша, «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыру он жыл ішінде бір жылдық сауда айналымын 2,5 триллион долларға жеткізуге мүмкіндік береді

НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Россиская газета» сайтына берген сұхбатында «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында Қытай, Ресей және Қазақстанға ортақ болашақта жүзеге асырылатын бастамалар туралы сұраққа жауап берді.

Президенттің айтуынша, «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыру он жыл ішінде бір жылдық сауда айналымын 2,5 триллион долларға жеткізуге  мүмкіндік береді. Бұл бастамаға қазірде әлемнің жетпіске жуық елі қатысып жатыр, олардағы жалпы халық саны  — 4,5 миллиард адам. Пекиннің бастамасымен жаңа халықаралық қаржы институты – Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі құрылды.

«Дүние жүзінде ашық теңізге шыға алмайтын, бірақ Еуразия құрлығы орталығында геостратегиялық тиімді жағдайға ие ел ретінде Қазақстан үшін бұл жобаның маңызы зор. Бұл жоба Батыс пен Шығысты, Еуразия континентінің Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстырып тұрған транзиттік аймақ ретінде еліміздің стратегиялық позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан төраға Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанға жұмыс сапары барысында ұсынған жобаның мақсаты мен қағидасына сүйене отырып, біз оның жүзеге асыруға белсенді араласамыз», — деді мемлекет басшысы.

Тоқаев атап өткендей, құрлық пен теңіз арқылы тасымалдаудың жаңа Азия-Еуропа дәлізі арқасында көлік шығыны мен Қазақстанға тауар жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар, президент Еуразия құрлығындағы ірі мемлекет Ресей үшін де Қытай бастамасына қатысу елеулі мүмкіндіктерге жол ашады.

«Біріншіден, бұл жерде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі, тиісті транзиттік-логистикалық инфрақұрылым, әуе және теңіз айлақтарын жаңарту, жаңа өндіріс күштерін қалыптастыру туралы сөз болып отыр. Маңызды жобалардың бірі Еурразиялық жүрдек теміржол магистралінің құрылысы болуы мүмкін», — деп президент пікірімен бөлісті.

Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстан өз аумағында осы ірі жобаның тапсырмаларын жүзеге асырмақ. Оның ішінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарласымен де ұштастыру жоспарда бар.

Бұдан бөлек, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аумағы Қытай мен бүкіл еуразиялық өңірдің өзара сауда-экономикалық, өндірістік және логистикалық іс-қимылдарын кеңейтуге жаңа мүмкіндік беріп отыр.

«Бір белдеу – бір жол» бастамасын Еуразиялық экономикалық одақтың басқа бағдарламаларымен ұштастыру бүкіл еуразиялық кеңістіктің экономикалық дамуына жаңа серпін бере алады. Қазақстан мен Ресей жаһандық масштабтағы көліктік-логистикалық орталық атанып, бірлігіміз одан бетер нығая түседі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетсек, Қазақстан президенті 3 сәуір күні ресми сапармен Мәскеуге барады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы шетелдік сапары болмақ. Ол 2019 жылдың 20 наурызында ант беріп, Қазақстан президенті қызметіне кірісті.



sputniknews.kz