Қазақстан Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуді-Данияр Ақышев

0

Ол орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін ақша-кредит және бюджеттік саясаттың үйлесімділігі қажет екендігін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Ұлттық Банкімен бірлесіп 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджеттегі өзгерістердің өлшемдерін әзірлеп, келісті. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысында сөз сөйлеген кезде айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін ақша-кредит және бюджеттік саясаттың үйлесімділігі қажет екендігін атап өтті.

«Жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатында Қазақстан Ұлттық Банкі республикалық бюджет шығыстарының айтарлықтай бөлігін қаржыландыратын Ұлттық қордан трансферттің көлемін де ескереді», — деді Д. Ақышев.

Ол Қазақстан Ұлттық Банкінің өз құзыреті шеңберінде инфляцияны таргеттеу саясатын жүргізуді жалғастыратынын да атап өтті.

«Инфляция бойынша 2019 жылға арналған нысаналы бағдар жаңа, төмен 4-6% дәлізінде белгіленді. Бұл дәліз республикалық бюджеттің негізгі әлеуметтік көрсеткіштерінің индекстеу өлшемдерін есептеу кезінде пайдаланылды. Болашақта Қазақстан Ұлттық Банкінің шаралары инфляцияны 2020 жылы төмен, бірақ 4%-дан төмен деңгейге дейін біртіндеп төмендетуіне бағытталады», — деп түсініктеме берді Д. Ақышев.

Оның айтуынша, инфляцияның төмендеуін қамтамасыз ету қажеттілігі жағдайында негізінен ақша-кредит саясатының пайыздық арнасы іске қосылады. «Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі негізгі құрал ретінде сақталып, ақша нарығындағы мөлшерлемелердің дәлізін анықтайды. Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдаған кезде ағымдағы және болашақтағы инфляцияға қатысты тәуекелдер бағалауын жүргізеді, сондай-ақ төлем балансының жай-күйін анықтайтын сыртқы және ішкі факторлардың кең аясының серпінін қадағалайды», — деді Д. Ақышев.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы атап өткендей, 2018 жылғы 10 айда инфляция 3,7%-ды құрады. Жылдық инфляция 2018 жылғы қазанда 5,3%-ға дейін төмендеді. Бұл 2015 жылғы қазаннан бері ең төмен көрсеткіш. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы 9,25% деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттыруға және ақша-кредит жағдайларын қолайлы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

«Қазақстан Ұлттық Банкі қандай да бір бағдарды белгілеместен өзгермелі айырбастау бағамы режимін сақтайды. Айырбастау бағамы еліміздегі төлем балансы жағдайына қарай қалыптасады, яғни шетел валютасының ішкі нарыққа түсімі мен жылыстауының теңгерімі әсеріне байланысты болады. Бұл сыртқы күйзелістерді азайтуға мүмкіндік береді», — деді Д. Ақышев.

Оның айтуынша, айырбастау бағамы бойынша қысқа мерзімді тәуекелдер жаһандық қаржы нарықтарындағы белгісіздік және негізгі сауда әріптес елдерінің валюта бағамдары жағдайының нашарлауы болып қалады.

«2019 жылы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасады. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін тәуекелге бағдарланған жаңа көзқарас жоғары тәуекелді саясатын жүргізетін банктерге қойылатын талаптарды күшейтеді. Тиісті заң және қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Осылайша, банктердің капиталдандыру деңгейіне және тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптар күшейеді», — деп түсіндірді Д. Ақышев.

Ол банк секторын қалыпқа келтіру процестері және реттеу мен қадағалаудың жаңа тәсілдерін енгізу банк салымшылары үшін тәуекелдерді айтарлықтай төмендетеді деп атап өтті Бұдан басқа, баланстарды нашар кредиттерден тазарту және капиталдандырудың өсуінің арқасында банктер кредиттеуді жандандырды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10 айда жаңа кредиттер беру көлемі 25%-ға немесе 2,2 трлн теңгеге өсті.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларының аясында халықты қолжетімді мөлшерлеме және мерзімдер бойынша қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған «7-20-25″ бағдарламасының іске асырылуы жалғасады. Сондай-ақ банктерге экономиканың басым салаларын кредиттеуге арналған 600 млрд теңге көлемінде ұзақ мерзімді өтімділік беріледі. Біздің бағалауымыз бойынша бұл 2019 жылы кредиттеудің 10%-дан астам өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Д. Ақышев.

Сөзінің соңында ол Қазақстан Ұлттық Банкінің баға тұрақтылығын және қаржы секторының орнықтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын атап өтті. Бұл экономиканың ұзақ мерзімді өсуі мен халықтың әл-ауқатын арттыру негізін қалыптастырады.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!