Қазақстан үкіметі қосымша 1,5 млрд теңге бөлді

0

Үкімет Қытайдың сыртқы істер министрлігімен қазақстандық студенттерді елге қайтару бойынша жұмыс істеп жатыр. Туристерді әкелу мәселесі де назарда

НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Коронавирустың таралуына жол бермес үшін үкімет басшысы қосымша құралдар мен бетперде алу туралы қаулыға қол қойды. Бұған бюджеттен қосымша 1,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Кеше үкімет басшысы қосымша құралдар, маска, тағы да қажетті заттар алу үшін қаулыға қол қойды. Қосымша 1,5 миллиард теңге бөлінген. Бұдан бөлек, өзіміздің запасымыз бар, жергілікті жерден келетін көмек бар. Яғни, көмекті немесе медициналық қолдауды қажет ететін азаматтар болса, біздің қаржымыз да, мүмкіндігіміз де бар», — деді Сапарбаев мәжілістегі кездесуден кейін. 

Вице-премьер Қазақстан дәріханаларында бетперде жоқ деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Біздің халық бір нәрсе естісе, жүгіріп барып, бетперде сатып алады. Бетперде жеткілікті», — деп сендірді ол.

Айтуынша, үкімет Қытайдың сыртқы істер министрлігімен қазақстандық студенттерді елге қайтару бойынша жұмыс істеп жатыр. Туристерді әкелу мәселесі де назарда.

«Ол жақта 680 турист болған, соның жартысы оралды. Біздің есебіміз бойынша бүгін-ертең толығымен қайтуы керек. Елге ораламыз деген студенттерге ұшақ дайындап қойдық», — деді Сапарбаев.

Қытайдағы коронавирус

Қытайда коронавирустан көз жұмғандар саны 170 адамға, ал ауру жұқтырғандар саны 7 711 адамға жетті. Вирус адамнан адамға жұғады, әзірге оған қарсы вакцина жоқ.

Қазақстан үкіметі індеттің елде таралуына жол бермес үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр.

Тағы оқыңыз: «Бұл нақты дерек»: дәрігерлер Қытайдан Нұр-Сұлтанға келген қызға диагноз қойды

29 қаңтардан бастап Қазақстан мен Қытай арасында жолаушылар автобусының тасымалы, 3 ақпаннан бастап тұрақты әуе қатынасы уақытша тоқтатылады.

Сондай-ақ, 1 ақпаннан бастап екі ел арасында жүретін жолаушылар пойыздарының бағдары уақытша тоқтатылады. Қытай азаматтарына виза берілмейді.



sputniknews.kz