Қазақстан үкіметі мен парламенті онлайн режимге көшті

0

Коронавирустың таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, басты мемлекеттік органдар отырыстарды онлайн режимде өткізеді

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Үкімет пен парламенттің отырыстары бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз онлайн режимде өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстанда әдетте сейсенбіде үкімет отырысы, сәрсенбіде мәжілістің жалпы отырысы және бейсенбіде сенат отырысы өтеді.

Коронавирустың таралуына байланысты елде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, басты мемлекеттік органдар онлайн режимге көшті.

«16 наурыз бен 15 сәуір аралығында Үкімет үйі ғимаратына келушілер мен кеңестерге қатысушыларға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін шектеу енгізіледі. Үкімет отырыстары онлайн режимде PrimeMinister.kz сайтында және ресми аккаунттарында таратылады», — деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Сенат пен мәжілістің баспасөз қызметтері де дәл осындай хабарлама жариялады.   

Барлық жұмыс тобы, салалық комитеттердің отырыстары, үкімет сағаттары және парламенттегі жалпы отырыстар бекітілген кестеге сәйкес өткізіліп, parlam.kz сайтында онлайн режимде таратылады.

Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандықтарды сабырлық сақтауға шақырды  

Сенат отырыстарын парламент сенатының сайты мен палатаның ресми аккаунттарынан көруге болады.

Қазақстандағы төтенше жағдай  

Қазақстанда 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі енгізілді. Ол 15 сәуірге дейін созылады. Мемлекеттік комиссия құрылып, премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен жұмыс істейді. Президент тиісті жарлыққа қол қойды.

Соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда тоғыз адам коронавирус жұқтырды. Елде ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ, отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынды.



sputniknews.kz