Қазақстан туристік брендін барлық салада қолдануы тиіс – сарапшы
Фото: Бауыржан Жуасбаев
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ел брендінің 90% туризм қалыптастырады. Осы орайда Қазақстан бренді туризм саласында ғана емес, барлық салада қолданылуы тиіс. Бұл туралы Қырғыз Республикасы «Айкур федерациясының» президенті, Мәдениет министрінің бұрынғы орынбасары, World Nomad Games жобасының авторы Мақсат Чакиев TravelMediaTalks халықаралық форумында мәлімдеді.
«Швейцария, Германия өздеріне бренд жасап жатады. Олар онсыз да танымал, оларға брендтің қажеті жоқ. Туризмге инвестиция салмай-ақ туристер ағылып жатыр. Ал Қазақстан брендін қалыптастыруы тиіс. Сіздердің брендтеріңіз туризмде ғана емес барлық салада қолданылуы тиіс. Негізінде ел брендінің 90% туризм қалыптастырады», — деді спикер.
Мақсат Чакиев Қазақстанның туристік брендін «Ұлы дала елі» деп атауды ұсынды.
«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы Қазақстанды «Біз ұлы дала еліміз» деп таныстырды. Бұл тамаша емес пе? Бүгінде «дала» сөзі ешқандай елдің брендінде жоқ. «Номадты» біз алдық. Қазақстанды алманың, қызанақтың, қиярдың елі деп атай алмаймыз, ал «Ұлы дала елі» деп атау тамаша емес пе?» — деді сарапшы.
Ол #Explorestan Kazakhstan брендінің тұжырымдамасы туралы ойын білдірді.
«Біз 1991 жылы «стан» жұрнағын алып тастап, Қырғыз Республикасы деп атадық. Бүгінде «стан» бренді бос. Неге осы жұрнақтан терең мағына іздемеске? Біз өзімізді «Номад елі» жасап жатырмыз, сіздердің де қолдарыңыздан келеді», — деді Чакиев.
Ол ел туризмін дамыту үшін әрбір тұрғын брендтің мәні мен мағынасын түсінуі тиіс екенін айтты.
«Көшпенділер ойыны» мега жобасын жасағанымызды көрген қырғыздар «қонақтар келіп жатқанда ұят, мемлекет осындай шара өткізіп жатқан соң оларға қонақжайлығымызды көрсетуіміз керек» деді. Осындайда азаматтар мемлекеттің маңызын түсініп, еліне көмектесуге тырысады. Егер бренд болмаса туризмді дамытудың мағынасы жоқ. Біз өзіміздікін жасаған соң қырғыздар бірге жұмыс істей бастады», — деді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Астанада «Жаһандық цифрландыру кезеңіндегі туризм: жаңа толқынға бағыт» тақырыбында TravelMediaTalks халықаралық форумы өтуде. Форум спикерлері – 6 мемлекеттен, соның ішінде Ұлыбритания, Ресей, Украина, Белоруссия, Қырғызстаннан келген туризм мен медиа саласындағы сарапшылар. Сондай-ақ, бүгін форум барысында еліміздің туристік брендінің тұжырымдамасы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен украиналық сарапшы туристік брендті жасауға қарапайым адамдарды тарту қажеттігін айтқан болатын.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ