Қазақстан түріктің «Байрактарына» татитын дрон шығарып, Сербияға сатпақ

0
8195

Әлемде ұшқышсыз ұшатын дрондар мен аппараттардың түрі көп. Бірақ әуеден соққы беретін, орташа және жоғары биіктікте ұзақ ұша алатын дрон жасаған елдер аз.

Енді Қазақстан ұшқышсыз ұшақ өндіріп, сол елдердің қатарын толықтырмақ.

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы Сербияның YUGOIMPORT-SDPR мемлекеттік компаниясына ұшқышсыз ұшу аппараттары нысандарын жеткізуге келісім-шартқа отырғанын хабарлады.

Жалпы әскери дрон жасау жағынан АҚШ пен Қытай алдыңғы қатарда. Түркия да бұл елдермен бәсекелесуге қауқары жетіп қалғанын бірнеше рет меңзеген.

Америкалық RQ-4 Global Hawk дроны аспанда 30 сағат ұшып жүре алады. Бұл дрон жарықта да, қараңғыда да сапалы видео, сурет түсіріп, қажет болған кезде шабуылдай алады. Дрон жасаған компанияның ресми сайтындағы ақпаратта Global Hawk аппараты Ирак, Ауғанстандағы соғыста қолданылып, 320 мың сағат ұшқаны айтылған.

Қытай америкалық ұшқышсыз аппаратқа бәсекелес ретінде Wing Loong дронын шығарып жатыр. Жергілікті басылымдар Қытай бұл дронды бастан-аяқ өзі құрастырғанын, басқа дрондарға қарағанда жеңіл екенін жаздыАл Ресей орта биіктікке ұшып, шабуылдай алатын «Орион» дронын жасап шығарды.

Сарапшылар ұшқышсыз ұшақтар мен аппараттардың әскери операциялардағы рөлі артып келе жатқанын айтады. Себебі олардың шығыны аз әрі ұшқыш өміріне қауіп болмайды.

Бірақ дрондарды әуеден қорғану жүйелері оңай атып түсіре алады. Бұған қоса әскери операция кезінде дрон шабуылынан бейбіт тұрғындар қаза тапқан жайттар аз емес. Сондықтан кей елде белсенділер дрондарды «киллер роботтар» деп атап, оларды қолдануға қарсы шыққан.

Нысаналы ұшқышсыз ұшақтарды жеткізумен қатар, компаниялар әскери техниканың бірлескен өндірісін іске қосуға келісті. Бұл – заманауи әскери қаруларды шығару, әскери-өнеркәсіптік кешен саласына соңғы әлемдік стандарттар мен тәжірибелерді енгізу.

Болашақта 82 және 120 мм калибрлі ракеталық-артиллериялық оқ-дәрілер мен минометтердің бірлескен өндірісін құру жоспарлануда.