Қазақстан тумасы АҚШ-та өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Қазақстан тумасы, қазіргі АҚШ азаматы Руслан Асайынов ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) тобының құрамында лаңкестік әрекеттер жасағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол Түркия арқылы Сирияға жетіп, сол жақта жауынгерлік дайындықтан өткен соң, ДАИШ жасағында мерген болған. Кейіннен топқа жаңадан қосылған атқыштар жасағын жаттықтырумен айналысқан. Тіпті қару-жарақ жеткізуші қызметін атқарғаны үшін «әмір» дәрежесіне дейін көтерілгені айтылады. Сонымен қатар АҚШ тұрғынын лаңкестік ұйым қатарына тартуға тырысқан.
Руслан Асайынов 2019 жылы Сирия-Ирак шекарасына жақын Багуз қаласында болған атыстан кейін ұсталған.
«46 жастағы Руслан Асайынов шетелдік лаңкестік ұйым деп танылған ДАИШ-ке материалдық қолдау көрсеткені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Аталған жаза Асайыновқа ДАИШ мүшесі ретінде жасаған қанды қырғыны үшін жауапкершілік жүктейді. Айыпталушы өз өмірін осы лаңкестік ұйымға арнап, Сирияда көп адамға ажал құштырған мергенге айналған және өз машық-дағдысын лаңкестік топтың өзге мүшелеріне үйреткен. Сотталушы осы күнге дейін бұл қылмысқа шексіз берілгенін көрсетіп келді. Сондай-ақ Асайынов ДАИШ-ке материалдық қолдау көрсету және сот төрелігіне кедергі жасау мақсатында сөз байласты деген айыптар бойынша 20 жылға, сондай-ақ ДАИШ-пен әскери дайындықтан өткені үшін 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», — делінген АҚШ Әділет министрлігінің хабарламасында.