Қазақстан тарихында неше рет Аза тұту күні жарияланды?

0

Бүгін елімізде Аза тұту күні алғаш рет жарияланып жатқан жоқ. Kznews.kz тілшісі Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жарияланған Аза тұту күндеріне шолу жасады.

Ленин шахтасындағы қайғылы жағдай (2006 жыл, 22 қыркүйек)

2006 жылдың 20 қыркүйегінде Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада техноген апаты болды. Шахтадағы өрт салдарынан 41 адам қаза тауып, жетеуі жараланды.

Прокуратура ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің «тау-кен жұмыстары кезінде нысандарда қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адамдарды өлімге душар ету» жөніндегі 245-бабы, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғады.

«Абай» шахтасындағы метан жарылысы (2008 жыл, 14-16 қаңтар)

Метан жарылысы 400 метр тереңдікте болған. Ресми органдардың мәліметінше, осы уақытта шахтада 191 адам болыпты. Жарылыстан кейін лава қызыл жалынға оранған. Бұл жарылыстан 14 адам жараланып, 30 адам опат болған, оның 23-інің денесі жер бетіне шығарылмаған.

Қызылағаштағы су тасқыны (2010 жыл, 16 наурыз)

11 наурыздан 12 наурызға қараған түні Қызылағаш су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан Қызылағаш ауылы шайылып, шамамен 150 адам ізім-қайым жоғалған қайғылы оқиға. Бірақ ресми мәлімет 37 адамның ғана қаза болғанын растайды. Қайғылы жағдайдан 43 адам көз жұмды, олардың арасында сегіз бала болған.

Арқанкергендегі оқиға (2012 жыл, 5 маусым)

28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. 30 мамырда Арқанкергенге жіберілген жасақ шекара бекетінің түгі қалмай жанып кеткенін көреді. Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Бұған қоса, бір қорықшының мәйіті табылған. 4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде 15-ші шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған.

Шымкентте ұшақтың құлауы (2012 жыл, 27 желтоқсан)

2012 жылдың 25 желтоқсанында Түркістан облысы Шымкент қаласының маңында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне тиесілі Ан-72 ұшағының әуе апаты. Астана уақытымен сағат 18.55-те Астанадан Шымкентке бет алған Ан-72 әуе кемесі Шымкент қаласының әуежайынан 20 шақырым жерде Сайрам ауданындағы Тассай ауылының маңындағы карьерге құлаған.

7 экипаж мүшесі мен 20 әскери қызметкер, оның ішінде ҰҚК Шекара қызметінің директоры міндетін атқарушы полковник Тұрғанбек Стамбеков болған және ұшақ бортында болған барлық 27 адам қаза тапты.

SCAT ұшағының апатқа ұшырауы (2013 жыл, 31 қаңтар)

Әуе апаты салдарынан борттағы 21 адам қаза тапты. 16 жолаушы және экипаждың 5 мүшесі болған. SCAT авиакомпаниясының лайнері Көкшетау — Алматы бағытында ішкі рейсті орындау кезінде Алматы әуежайы маңында құлаған.

Ақтөбедегі лаңкестік Террорлық акт (2016 жыл 9 маусым)

Ақтөбедегі лаңкестік Террорлық акт салдарынан лаңкестердің қолынан 8 адам қаза тапты. Антитеррорлық операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды.

BekAir ұшағының апатқа ұшырауы (2019 жыл, 28 желтоқсан)

2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады. Бірнеше сағат өткен соң қаза тапқандардың нақты саны мен есімдері белгілі болды.

Коронавирус (2020 жыл, 13 шілде)

2020 жыл, 13 шілде елімізде коронавирустан қайтыс болғандарды Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт (2021 жыл, 26 тамыз)

Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Жаппай тәртіпсіздіктер (2022 жыл, 10 қаңтар)

Елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көптеген адамның қайтыс болуына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.