Қазақстан тарихы – әлемдік деңгейдегі тарих
Онда Еуразияның орталығын қола дәуірінен бері мекендеп келе жатқан халқымыздың арғы ата-бабаларының сол мерзімнен басталатын жалпыадамзаттық өркендеудің бел ортасында болып, оған өзіндік үлес қосқандығы нақты айғақтар негізінде сараланған.
Мақаланың мазмұнына сай, осы өңірде қола дәуірінен біздің заманымыздың бірінші мың жылдығының аяғына дейінгі уақытта жер жағдайына орай көшпелі және отырықшы өмірге негізделген дамыған шаруашылықтары, озық рухани және материалдық мәдениеті, сыртқы жаулардан қорғану мақсатындағы бір тәртіп, жүйеге бағынған әскерлері бар қуатты мемлекеттік бірлестіктерді құрған қазақ халқын негіздеген рулар мен тайпалар өмір сүріп дамығандығы баршамызға белгілі.
Шындығында да, ұлтымыздың қазіргі территориясында жоғарыда көрсетілген мерзімдерде өз дәуірінде әлемдік дамудың алды болған ежелгі Грекия, Парсы, Македония, Рим, Қытай империяларымен тең жағдайдағы әр салалы тығыз қатынас жасаған сақ, үйсін, қаңлы, ғұн мемлекеттік бірлестіктері болған. Мысалы, сақтардың дамыған мемлекеті, озық шаруашылығы, басқаларға үлгі болған қолданбалы өнері, соғыстағы шеберлігі мен қаһармандықтары көне парсы тас жазбаларында айшықталып, оған грек тарихшылары шығармаларын арнаған.
Оларда баяндалатынындай, сақтар Ертедегі Грекия қала мемлекеттері армияларын әскери жылқылармен қамтамасыз етіп тұрған. Сақтардың аңдық тәсілдегі бағалы металдардан жасалған әшекей бұйымдары Қара теңіз жағасындағы Грекия, Македония қала мемлекеттеріне кеңінен тараған. Елбасы атап көрсеткен қазақстандық «Алтын адаммен» қатар, кеңес заманында Берел қорғандары мен Шілікті даласынан алынып, Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаждағы арнайы залдарға қойылған сақтардың қайталанбас алтын мен күмістен сомдалған әр мазмұндағы мол құнды заттары бүгінгі күні әлем жұртшылығына бұл халықтың теңдессіз қолданбалы өнерінің болғандығын дәлелдейді.
Одан кейінгі уақыттағы сақтар, ғұндардың ұрпақтары болып есептелетін түркілердің үлкен мемлекеті – Түрік қағанатының орталығы қазақ жері болғандығы тарихтан белгілі. Бұл мемлекет өмір сүрген уақытында ортағасырлық Қытай және Византия елдерімен табан тіресіп, дипломатиялық байланыс орнатқан. Орталық Азиядағы кез келген мемлекеттегі аралық қатынас түркілердің қатысуынсыз шешілмейтін дәрежеге жеткен. Сыртқы сауда қатынастары дамыған. Көршілерімен әскери одақтастық және өзара соғыс жағдайларында болып, айтулы жеңістерге жеткен. Түркілер заманында әлемдік дәрежедегі ойшылдар мен ғалымдар өмірге келіп, қызметтер атқарған. Қала мәдениеті өркендеген.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мақаласында ерекше алып өткен келесі мәселе – Ұлы даладағы ежелгі металлургия.
Мақалада жазылған Қазақстанның орталық, солтүстік аймақтарымен қатар оның шығысындағы Алтай өңірі әлемдегі ең алғашқы темір және түсті металдар, көмір өндірудің орталығы болғандығын ерте, ортағасырлық қытай, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың басындағы батыс және Ресей деректері молынан келтіреді. Мысалы, ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарынан басталатын Алтай тауларынан, соның ішінде қазіргі Барнаул маңайынан кәсіпкер Акинфий Демидов негіздеген алғашқы ресейлік кен орнынан бастау алып, одан әрі Риддер, Зырянов, Нарын, Күршім өзендері бойларынан түсті металдар өндіріс орындарын ашу кезінде орыс өнеркәсіпшілері сол жерлерден өндіріс құралдары, металл қорытатын пештер мен шахталары, т.б. жақсы сақталынған көне кен өндіру орындарына тап болған. Осы көне кен орындары туралы ХІХ ғасыр басындағы Батыс Сібір өлкесін зерттеушілер Г.Спасский, Г.Шангин, Сборовский, Коцовский, т.б. кеңінен жазған. Бұдан Кенді Алтайдың жерасты байлығын алғаш игерушілер біздің ата-бабаларымыз болғандығы толығымен айқындалады.
Бұл өңірден темір, алтын, күміс, т.б. бағалы металдар өндіру ортағасырлық түркілер және моңғолдар билігі кезінде одан әрі жалғастырылды. Шаруашылықтың негізіне айналды. Түрік мемлекеттері және Моңғолия империясының барлық металл бұйымдары мен қарулары Алтай темірінен жасалды. Қытаймен, басқа да елдермен арадағы саудада бұл өнімдер басымдыққа айналды.
«Алтай» деген сөздің ұғымының өзі түркіше «алтын» деген мағынаны береді. Осы аймақты көне заманнан мекендеуші түркі, моңғол халықтары тілдеріндегі «темірші» деген сөздің адам есімдеріне берілуі жергілікті металл өндірушілердің зор беделге ие болғандығын айғақтайды. Шыңғыс ханның шын есімі де «Темуджин» – темірші деген сөзден алынған.
Міне, сондықтан да Қазақ Алтайының металлургияны адамзаттың дамуының бастапқы кезінен-ақ кәсіптік тұрғыда өндіріп, оны дамытудың отаны болғандығын нақты деректер арқылы әлемдік деңгейде насихаттау Қазақстан тарихшыларының борышына айналып отыр.
Келесі айтарымыз, Елбасы мақаласының жазылуының ең басты мақсаттарының бірі – халқымыздың бірнеше мыңжылдықпен өлшенетін бай тарихын дүниежүзілік тарихтың біртұтас бөлігіне айналдыру екендігі. Яғни, бұл қазақ тарихын әлемдік ғылыми журналдарда жариялап, шетел ғылыми орталықтарымен байланыс жасау ғана емес, оның бір кезеңі мен оқиғасын әлемдік «Жалпы тарих» курсына енгізуге жетісу деген сөз.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам мерзімінде Қазақстан тарихын бірнеше арнайы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде зерделеуде көптеген жұмыс атқарылды, шетел мұрағаттарынан да біршама дерек әкелініп, олар ғылыми айналымға енгізілуде. Соңғы мерзімдегі Елбасының талабынан кейін Қазақстан тарихының кезеңдерін әлемдік жоғары рейтингілік журналдарда жариялауда біршама жұмыс атқарылуда. Қазақстан тарихына арналған біраз фильм де түсірілді. Алайда ол фильмдер республикамыздың шеңберінен аса алмады. Халықаралық деңгейді айтпағанда, ел тұрғындарын қызықтыра алмады.
Сондықтан да қазіргі күнгі міндет – төл тарихымыздың кезіндегі аймақтық, тіпті әлемдік дамуға әсер еткен, қазірде өзінің маңызын жоймаған белгілі бір оқиғасын, тарихи тұлғалар атқарған ғаламдық, аймақтық деңгейдегі қызметін дүние жүзі елдері орта мектептерінде міндетті түрде оқылатын, құрамында «Ерте дүние тарихы», «Орта ғасырлар тарихы», «Жаңа тарих», «Қазіргі заман тарихы» курстары бар жалпы тарих пәніне енгізу мәселесі болып табылады.
Шынында да, бүгінгі әр қазақ орта мектептегі осы пән арқылы ертедегі Вавилон патшалығы, Грекия, Рим империясы, Спарта мемлекеті, Парсылар мен Александр Македонский мемлекеттері, ортағасырлық Англия, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Үнді елдерінің, т.б. Еуропа, Азия, Америка елдерінің тарихтарын оқып, жеке тұлғаларының өмірлері мен тарихқа қалдырған істеріне қанық болдық.
Егер де шын назар аударатын болсақ, біздің де ешкімнен ұялмай, өзімізді ғана емес, барша адамзатты тамсандыратын тарихымыз бар. Мысалы, 1643 жылғы Жәңгір сұлтан бастаған 600 қазақ сарбазының 50 мыңдық Батыр қоңтайшы бас болған жоңғар әскерлерін сол мерзімдегі соғыс өнерін шебер пайдалана отыра тас-талқан еткен Орбұлақ шайқасы адамзат тарихында аса сирек кездесетін оқиға болып табылады. Ерте дүние тарихынан 300 спарталық жауынгердің ерлігін бәріміз жақсы білеміз. Ал Орбұлақ шайқасының маңызы одан ешқандай кем емес. Бұл қазіргі және келер ұрпағымызға мақтаныш әкелетін Жәңгір сұлтанның асқан таланты мен қолбасшылығының, қазақ жауынгерлерінің отансүйгіштігі мен көзсіз ерлігінің куәсі емес пе?! Міне, сондықтан да халқымыздың Отан қорғау тарихындағы бұл ұлы шайқас көптеген бұлтартпас деректерді жинау арқылы әлемдік жалпы тарих пәніне кіргізуге лайық деп санаймыз.
Қазақстан тарихының әлемдік маңызға ие келесі мысалы Елбасының еліміздің шеңберінен шығып, дүниежүзілік маңызға ие болып отырған Әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы атқарған халықаралық саясаттағы атқарған нақты істері, бастамалары мен ұсыныстары болып табылады. Сондықтан да дүниежүзілік деңгейдегі мемлекет қайраткеріне айналған Н.Ә.Назарбаевтың адамзаттың мүддесі жолындағы қызметі әлемдік қазіргі заман тарихына енгізуге толық лайық және осы саладағы ұйымдастырушылық істер атқару Қазақстан тарихшы ғалымдарының, мемлекеттің міндетіне айналуы тиіс. Бұл үшін бір-екі жыл көлемінде Қазақстан тарихының осындай келелі де айшықты оқиғалары қамтылған оқулық дайындап, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударып, әлемнің белгілі кітапханалары мен жоғары оқу орындарына, осы елдердің білім салаларын басқаратын орындарына жіберу керек. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық деңгейдегі істерді ұйымдастыратын саласына да бұл оқулықты өткізу қажет.
Сондай-ақ Қазақстан тарихының айшықты оқиғаларына, есімдері халық мақтанышына айналған тұлғаларға арналған телесериалдарды түсіруді қолға алу, оны шетел тілдеріне аударып, әлем мемлекеттері көрермендеріне ұсыну – кезек күттірмейтін шара.
Осы аталған істерден барша қабілет пен қарымды, талант пен мақсаткерлікті және ешқандай да қаржыны аямауымыз керек. Ал осы жұмыстар атқарылғанда қазақ халқы, оның жүріп өткен жолы әлемге белгілі болады, ұлтымыздың тарихы адамзат тарихының нақты құрамдас бөлігіне сөзсіз айналады деп білеміз.
Ғани ҚАРАСАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Сейітқали ДҮЙСЕН,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
Қанат ЕҢСЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты
Дереккөз: http://egemen.kz/