Қазақстан таэквондодан Азия чемпионатында 14 «алтын» алды
Қазақстан құрамасы Малайзияда өткен ITF таэквондодан Азия чемпионатында 22 медаль еншіледі.
ITF таэквондодан 2018 жылғы Азия чемпионаты 30 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында өтті. Қазақстандық спортшылар құрлық чемпионатына алғаш рет қатысқанына қарамастан, айтарлық табыспен оралды.
Азия чемпионатына әртүрлі елдерден 600-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасы додаға 12 спортшысын апарды. Олар: Бибарыс Болат, Айдын Исқалиев, Арсен Амангелдинов, Айбек Мәулен, Айбек Егізбаев, Степан Анохин, Екатерина Нұрперзентова, Жадыра Онжанова, Вячеслав Цой, Талғат Сайдалин, Игорь Ни, Ислам Әнуарбек. Қазақстандық спортшылар қажырлы еңбек, ұтымды тактика, ата-аналарының қолдауының арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Спортшыларымыздың саны аз болғанымен, медальдарды молынан ұтты.
Степан Анохин, Талғат Сайдалин және Екатерина Нұрперзентова және турнирдің ең жас қатысушысы, 8 жасар Бибарыс Болат әрқайсысы екі рет «алтын» иеленіп, Азияның абсолютті чемпиондары атанды. Бұлардан тыс, Арсен Амангельдинов, Айдын Исқалиев, Вячеслав Цой және Ислам Әнуарбек та қоржынға алтын салды. Шеберлігін танытқан Жадыра Онжанова күміс, ал Айбек Егізбаев, Мәулен Айбек және Игорь Ни қола медальдарға ие болды.
Сонымен, халықаралық санаттағы бапкерлер Ерлан және Нұрлан Әбеновтер баптаған қазақстандықтар 14 алтын, 2 күміс және 6 қола медаль еншіледі. Құрама мүшелерінің ешбірі жүлдесіз оралған жоқ.
Дереккөз: ҚазАқпарат