Қазақстан шекарасынан бір жылда 48 млн-нан астам адам өткен
Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Әскери кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес, Шекара қызметінің басшылық құрамы 2018 жылдың жауынгерлік-қызметтік іс-қимыл қорытындыларын, «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, өзге де әскерлері мен әскери құрылымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 2016-2018 жылдарға арналған Бағдарламаның» нәтижелерін қарастырды.
Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Директоры ҚР Қауіпсіздік Кеңесінде айтылған Ел Президентінің тапсырмасын орындау жолында Шекара қызметін дамыту мен Мемлекеттік шекара құрылысын жетілдірудің 2018-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жасалғандығын, сондай-ақ жоспарда көзделген шаралардың жүзеге асырыла бастағандығын, ағымдағы жылы Шекара қызметінің іс-қимылы тұрақты және болжамды оперативтік ахуалда өрбігендігін, шекаралық қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселерге қарсы бағытталғандығын атап өтті. Ал ондай қатерлер – заңсыз көші-қон, ел аумағына есірткі заттарын енгізуге тосқауыл қою, шекаралық кеңістіктегі лаңкестік және діни экстремизми көріністері.
Шекара қызметі бұрындары қол жеткізілген келісімдерге сәйкес 8 рет әр түрлі халықаралық, республикалық, мекемелік операцияларға және оперативтік-алдын алу шараларына, сондай-ақ, әкери бөлімдер 3 халықаралық, 10 мекемеаралық, 31 мекемелік жаттығуларға қатысты.
Атқарылған істер аз емес. 2018 жылы Мемлекеттік шекараның өткізу пункттерінен 48 млн-нан астам адам, 6 млн-нан астам көлік түрлері өткізіліп, өзге біреудің құжатымен өтпекші болған 44 дерек анықталды. 18 адам өте шеберлікпен қолдан жасалған құжаттарды пайдаланып шекарадан өтпек болғаны үшін ұсталып, жазаға тартылды.
Көлік құралдарын қашықтықтан тексеру құралдары мен арнайы үйретілген иттерді пайдалана отырып 1 059 контрабанданың жолы кесілді. Мекеменің өкілетті тұлғалары 23 041 адамды әкімшілік жазаға тартты.
Теңіз бөлімдері 150 шекара бұзушыны, 97 кіші көлемдегі жүрдек кемелерді ұстап, 581 890 м. ау, 382 200 м. Ілмекті ау, 100 ден астам браконьерлік аулау құралдарын тәркіледі. 1 356 бекіре тұқымдас, 455 қымбат бағалы балық шекара асырылудан сақталып қалды. Ел қазынасына 4 487 738 теңге айыппұл құйылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы — 114 867 694 теңге.
Инженерлік бөлімшелер 1 330 км-ден астам түрлі инженерлік құрылыстар мен кедергі, тосқауылдар салып, 512 км әртүрлі типтегі тосқауыл қоршауларын тұрғызды. Жүздеген бақылау мұнараларын, радиолокациялық станцияларға арналған бағаналар орнатып, тексеру посттарын, тірек пункттерін, тікұшақтарға арналған алаңдар, су жүргізу және өзге де құрылғыларды орнатты. Жеке қорғаныс құралдарымен техника, шатырлар мен сауытты кеудешелер, кевлар дулығалар қолданысқа енгізілді.
Жалпы алғанда, 2018 жылы Шекара қызметінің жауынгерлік және оперативтік-қызметтік дайындығын, жауынгерлік әлеуетін арттыру міндеттері тиімді шешімін тапты. Ауғанстан Ислам Республикасындағы дипломатиялық өкілдік пен ондағы қызметкерлерді күзету шаралары да абыроймен атқарылды.
Қызметтік-жауынгерлік іс-қимылды қорытындылай отырып Шекара қызметінің басшылығы Мемлекеттік шекара құрылысы мен оның күзетін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді.
— 2018 жылдың қорытындылары мекеменің қызметтік және жауынгерлік іс-қимылдарының жағымды динамикасын көрсетеді – деп атап көрсетті ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің Директоры Дархан Айтқалиұлы Ділманов. – 2019 жылы бізге қандай жағдайда болмасын өзімізге жүктелген міндеттерді атқаруды жалғастырамыз. Мен әрбір шекарашының Мемлекеттік шекара күзетін лайықты қамтамасыз ететіндігіне сенемін — деді мекеме басшысы.
Әскери кеңесте үздік шекарашы мамандар мен әскери ұжымдар марапатталды. Жыл шекарашысы деп 2018 жылғы 10 қарашада Атырау шекара отрядының «Сазды» шекара заставасының аумағында өзінің ауыр жараланғанына қарамай қарулы шекара бұзушыны қолға түсірген лейтенант Мүсілім Ғибрат Берікұлы танылды.
Келесі жалдың жауынгерлік сайыс міндеттемесі — «Ұлы Дала шекарашылары – батырлар мұрагерлері» ұранымен берілді.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ