Қазақстан шекарасын кесіп өткендер саны он есеге қысқарды
Жылына шекарадан 48 миллион адам өтетін болса, бір ай ішінде ол он есеге қысқарған. Оның ішінде біздің азаматтар да, шетелдіктер де бар
НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Коронавирус тарағаннан кейін бір ай ішінде Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткендер саны он есе қысқарған. Бұл туралы ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ділманов коронавирус тарағалы бері мемлекеттік шекараны кесіп өткендер саны әжептәуір азайғанын атап өтті.
«Егер жылына шекарадан 48 миллион адам өтсе, бір ай ішінде он есеге қысқарған шығар. Оның ішінде біздің азаматтар, шетелдіктер де бар. Бірақ бұл дұрыс, қалыпты жағдай. Адамдар өз денсаулығына алаңдап жатыр», — деді Ділманов сенат кулуарында.
Ол шекарашылардың бірде-біреуінде ауру белгілері байқалмағанын, карантинге алынбағанын айтты.
«Кез келген шекарашы қызметіне кіріспес бұрын міндетті медициналық тексеруден өтеді. Жұмысынан кейін, әдетте, екі үш күн демалады. Сол аралықта да қосымша бақылауда болады», — деді Ділманов.
Бас санитар: 11-16 наурыз аралығында Қазақстанға коронавирус кіруі мүмкін
Ол шекарадағы барлық өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
sputniknews.kz