Қазақстан шекарада әр жүк көлігін бір сағаттан тексеріп жатыр
Қырғызстан үкіметі мен экономика министрлігі Қазақстан тарапымен шекарадағы көлік кептелісі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Азаттықтың қырғыз қызметіне бұл туралы экономика министрлігі сауда саясаты басқарамасының басшысы Аскат Беков хабарлаған.
Оның сөзінше, екі ел шекарасында кептеліп тұрған жүк көлігінің көбі тұтыну тауарларын тиеген. Түркия мен Қытайдан әкелінген өнімдер де бар.
«Кезекте тұрған жүк көліктерінің 90 пайызынан астамы транзитпен келе жатыр. «Жүргізушілердің өзі тексеруден қорқып, [Қырғызстан аумағына] қайта бұрылып кетіп жатыр» деген Қазақстан тарапының мәлімдемесі қате. Шекарада көліктен тауардың бәрін түсіртіп, бір жүк көлігін тексергеннің өзіне бір сағат уақыт кетіп жатыр. Кептелістің себебі де осы. Еуразия экономикалық одағының келісімі бойынша, мұндай тексеріс болмауы тиіс. Қазақстан шекарасында елге кіріп жатқан көліктерді іріктеп-іріктеп тексеретін арнаулы топ жұмыс істеуі керек», — дейді Беков.
19 наурыздан бері Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы «Ақ-тілек автожол» өткізу бекетінде көлік кептеліп, 31 наурызда олардың саны 200-ден асқан еді. Бұған Қазақстан жағына өткелі тұрған көліктердің мұқият тексерілуі себеп болғаны хабарланды.
1 сәуірде Қазақстан көлік кептелісіне «тауар тиеген жүргізушілердің тексеруден өтуге құлықты болмауы себеп» деген.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы көлік кептелісі (30.03.2019 жыл).