Қазақстан Сенаты Канада Парламентімен ынтымақтастықты өрістетуге әзір

0
04 Желтоқсан 2018, 20:57 41 0

Астана, BAQ.KZ. Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Канаданың генерал-губернаторы Жюли Пайеттпен кездесті.

Төраға Ж. Пайеттің Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастыққа елеулі түрде серпін беретін маңызы зор оқиға екенін атап өтті. Қ.Тоқаев біздің елдеріміздің көптеген ортақ сипаттары бар екенін, оның өзі сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, энергетика, ауыл шаруашылығы, технологиялар, білім беру және аэроғарыш салаларындағы ынтымақтастық үшін мүмкіндіктер ашатынын айтты.

Ж. Пайетт бортында канадалық астронавты бар ғарыш кемесі ұшқан Байқоңыр ғарыш айлағына барған сапарынан алған әсерімен бөлісті және Канада жағының Қазғарыш мекемесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою ниеті бар екенін хабарлады.

Парламент жоғарғы Палатасының Төрағасы Қазақстанның саяси жүйесіндегі Сенаттың рөлі және Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру бағдарламаларын іске асырудағы депутаттардың жұмысы туралы мейманды хабардар етті.

Жүздесушілер Қазақстан мен Канада арасындағы парламентаралық үнқатысудың келешегі туралы пікір алмасты. Қ.Тоқаев екі елдің заң шығару органдарының байланыстарын дамытуға Сенаттың мүдделі екенін және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Парламентаралық Одақта Канада парламентшілермен өзара нәтижелі іс-қимылды атап өтті. Сенат басшысы өзінің канадалық әріптесіне Астанаға ресии сапармен келуге шақыруын жолдады.

Ж. Пайетт өз кезегінде Қазақстанмен екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер бойынша, сондай-ақ көптарапты ынтымақтастық аясындағы байланыстарды дамытуға Канаданың мүдделі екенін нақтылады. Атап айтқанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлану жөніндегі Оттава науқаны тұрғысында Генерал-губернатор осы халықаралық ірі ұйымдағы жоғары органға қатысуын аяқтап жатқан Қазақстанның тәжірибесіне ықылас білдірді.

Қ. Тоқаев Астананың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі басымдықтары, ядролық қаруды таратпау және жаһандық қауіпсіздік жөніндегі Президент Н. Назарбаевтың бастамалары туралы канадалық делегацияны хабардар етті. Сенат Төрағасы адамзат өміріндегі көкейкесті мәселелерді шешу үшін конфессиялар мен саяси көшбасшыларды бір үстел басында біріктірген дүние жүзіндегі өкілді алаң болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезінің қорытындыларымен бөлісті. Қ. Тоқаев форум жұмысына әр жылдарда БҰҰ Бас хатшысы, мемлекеттер басшылары, дүние жүзіне танымал саясаткерлер қатысқанын, оның ішінде Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьен да болғанын айтты.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ