Қазақстан сенат сайлауына қанша ақша бөлді

0

Орталық сайлау комиссиясы әр өңірге бөлетін сома сайлаушылар мен сенат депутаттығына кандидаттар санына байланысты болады

НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Қазақстан парламенті сенатының сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен 254,5 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Сенат депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізуге арналған шығыстар Орталық сайлау комиссиясына республикалық бюджеттен 254,5 миллион теңге сомасында бөлінеді», — деді Мұстафина сайлауды өткізу бойынша негізгі шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітуге арналған отырыста.

Айтуынша, республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат сайлау комиссияларын ұйымдастыру және олардың қызметі, мәслихат депутаттарының көлік шығыны мен іссапары, баспа қызметтері, сондай-ақ сайлау учаскелерін дайындау мен БАҚ-қа материалдар жариялауға кететін шығындар және тағы басқасына жұмсалады.

«Республикалық бюджеттен қаржыландыру жергілікті атқарушы органдардың шоты арқылы жүзеге асырылады. Бұл үшін оларда осы мақсатқа арнайы есепшоттар ашылады», — деді ол.

Орталық сайлау комиссиясы әр өңірге бөлетін сома сайлаушылар мен сенат депутаттығына кандидаттар санына байланысты болады.

«Салыстыру үшін айтар болсақ, өткен сайлау науқанында бұл мақсатқа сенат депутаттығына үміткер әр кандидатқа 400 мыңнан 600 мың теңгеге дейін бөлінді», — деді Мұстафина.

Ол бюджет қаражатының жұмсалуын аумақтық сайлау комиссиясы қадағалайтынын атап өтті.



sputniknews.kz