Қазақстан «Сбермен» келісімнен бас тартты

0

Қазақстан ресейлік «Сбер» компаниялар тобымен мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа цифрлық платформасын енгізу туралы келісімнен бас тартты және платформаны өз күшімен әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбақин айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Қазір геосаяси жағдайға және өз мүмкіндіктерімізді қайта қарастыруға байланысты «ҰАТ» АҚ-пен қазақстандық IT-компанияларды тарта отырып, өз күшімізбен платформа жасау туралы шешім қабылданды. Техникалық-экономикалық негіздеме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жылдың аяғына дейін жаңа платформаның алғашқы қызметтері әзірленіп, қолданыла бастайды», — деді Жамбақин ОҚК-да өткен брифингте журналистер сұрағына жауап беріп.

Оның айтуынша, жаңа платформаны толық әзірлеу және енгізу шамамен 2-3 жылға созылады.

Еске салайық, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа цифрлық платформасын енгізу жоспарланғанын түсіндірген болатын.

Кейін Қазақстан Үкіметі мен «Сбербанк России» қол қойған цифрлық трансформация жөніндегі жобалар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның егжей-тегжейі белгілі болды.