Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларды сақтайды

0

Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов батыс бұқаралық ақпарат құралына берген сұхбатында Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкциялар, Қазақстандағы қаңтар оқиғаларынан соңғы өзгерістер туралы сөз қозғады деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Брюссельге ат шалдырған ол, Ресей АҚШ пен Еуропа одағы салған санкцияларды Қазақстан арқылы айналып өтпейтініне сендірді.

«Біз санкцияларды сақтаймыз. Ресей, Беларусь және басқа да елдермен бір экономикалық одақ мүшесі болғанымызға қарамастан, халықаралық қауымдастықтың бөлігі екенімізді де білеміз. Сондықтан, әлбетте, АҚШ пен ЕО қайталама санкциялары Қазақстанға қатысты қолданылғанын қаламаймыз», – деді Тимур Сүлейменов.

Президент әкімшілігінің өкілі еліміз Ресеймен де сауда-саттықты жалғастыра беретінін келтірді. Себебі ондай екі жақты инвестициясыз отандық экономика жұмыс істей алмайды.

Қазақстандық ресми тұлға Украинадағы соғысты өз атымен атайтынын жасырмады.

«Ресей «соғыс» сөзіне тыйым салатын заң қабылдады. Олар мұны «арнайы әскери операция» дейді. Алайда Қазақстанда біз заты қандай, атын да солай атаймыз», – дейді сұхбат беруші.

Ресей Қазақстанды көбірек өз жағында көргісі келетіні анық, бірақ еліміз Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтеп, БҰҰ мойындамайтындай, Қырымды да, Донбастағы жағдайды да танымайтынын жеткізді Сүлейменов.

Қызмет иесі қаңтардағы қанды оқиғалар өзгерістер мен реформаларға түрткі болғанын атап өтті.