Қазақстан Ресейден бензин импорттауды уақытша тоқтатады
Қазақстан Ресейден бензин импорттауды үш айға тоқтатуды жоспарлап отыр. Қазақстан энергетика министрлігінің хабарлауынша, энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ресейден теміржолмен бензин тасымалдауға үш айға тыйым салу туралы бұйрық жобасын даярлады.
Бұйрық жобасына индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі мен қаржы министрі келісім беруі керек. Бұйрық жарияланған соң он күн өткенде күшіне енеді.
Қанат Бозымбаев былтыр желтоқсанның басында Қазақстан жыл соңына дейін Ресейге дизель экспорттауға жарты жылға тыйым салатынын хабарлаған. Министр мұның алдында тыйым салуға Ресейде дизельдің бағасы қымбат болғандықтан Қазақстаннан жанармайдың осы елге жаппай тасымалдануы себеп екенін айтқан.
Қазақстан Ресейден бензин тасымалдауға 2018 жылы тамызда да үш айға тыйым салған. Ол кезде энергетика министрлігі Қазақстанда үш мұнай өңдеу зауыты жаңаланған соң елде бензин қоры сұранысты артығымен өтейтінін мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық