Қазақстан-Ресей шекара бекетінде жүк көліктерінің өтуі қиындады

0

18 маусымда Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан-Ресей шекара бекетінде жүк көліктерінің кезегі пайда болды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Облыстағы Мамлют ауданындағы «Жаңа жол» шекара бекетінде жиналған жүк көліктері кезегі бір жарым шақырымнан асады. Екі ел арасында тауар таситын жүк көліктерінің жүргізушілері шекарадан өту үшін кезекте он сағаттан аса уақыт тұратынын айтады.

— Кептеліс жиі болады. Әсіресе аптаның соңына қарай. Сәрсенбі, бейсенбі, жұма күндері шекарадан өту мүлдем қиын. Кезекте таңертеңнен кешке дейін тұрамыз. Өткен аптада кешкі сағат бес жарымда келгеннен таңғы сағат төрттен кете шекарадан өттім, — деді Азаттыққа көлік жүргізушілердің бірі Борис Юдин.

Шекара қызметі көлік кептелісін бақылау бекетінде биыл мамыр айының соңында басталған жөндеу жұмыстарымен түсіндіреді.

— Жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталғаны және қозғалыс жолақтарының кеңейтіліп жатқанына байланысты «Жаңа жол» өткізу бекетінде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Мемлекеттік шекарадан өтіп жатқан азаматтардан алдын ала кешірім сұраймыз, — шекаралық бақылау бөлімшесінің басшысы Алмат Еңсебаев.

Оның сөзінше, жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың қазан айына дейін аяқтау жоспарланған. «Жаңа жол» өткізу бекетінен күніне орташа есеппен төрт мыңға жуық адам және 900-ге жуық көлік өтеді.

Azattyq