Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастығы: Туризмді дамытуға тың серпін

0

Сауда айналымы ұлғайып келеді

«Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсіл­дері мен үрдістері» тақырыбына арналған форумның пленарлық отырысын Елбасы кіріспе сөзбен ашты. «Мұндай форумдар өткі­зіл­гелі мемлекетаралық тиімді алаң қалыптасып, барлық бағыттар бо­йынша іскерлік байланыстар орнады. Осы уақыт ішінде елде­рі­міздің өзара саяси-экономикалық ықпалдастығының маңызды институтына, негізгі моделіне айналды. Бұл басқосу посткеңестік кеңістікте үлгі боларлық формат ретінде таңдап алынды. Өткен форумдар аясында 200-ден астам шарттар мен келісімдер жасалды. Бұл құжаттардың жүзеге асырылуы Қазақстан мен Ресей өңірлерінің ғана емес, сондай-ақ экономиканың тұтас салаларын дамытуға қуатты серпіліс береді», деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы Ресейдің Қазақстан үшін стратегиялық одақтас, сауда-экономика сала­сын­дағы сенімді серіктес еке­ніне тоқ­талды. «Биыл 8 айда ел­деріміз арасындағы сауда айналымы 11 миллиард доллардан асты. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 18 миллиард доллар болады деген болжам бар. Өзара сауда саласындағы өңделген өнімдердің үлесі артып, 82 пайызға жетуі қана­ғаттанарлық көрсеткіш. Ресей Қазақстан үшін өңделген өнім экспорттайтын ірі нарық көзі болып есептеледі. Ресейлік капи­талдың қатысуымен елімізде 9 мың­нан астам кәсіпорын жұмыс жасайды. Бүгінде құны 10 мил­лиард доллар болатын 60-қа жуық ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 6 миллиард доллардың 57 жобасы орындалуда», деген Елбасы әлемде эко­номикадағы жалпы өнімнің 10, ин­вестициялардың 7, жұмыс орын­дарының 9, барлық түсім­дердің 5 пайызын туризм саласы құрайтынын, бүгінгідей жаһандану жағдайында өсімнің негізгі драйвері саналатынын жи­налғандардың есіне салды. Мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, агроөнеркәсіп кешені, химия өнеркәсібі, басқа да салалар бойынша инвестициялық ынтымақтастықты өрістету, екі елдің туристік әлеуетін тиімді пайдалану үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Бүгінгі форум өте маңызды әрі өзекті мәселе – елдеріміздің туризм саласын дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістерін айқындауға арналды. Туризм жаһандық дағдарыстар кезінде де экономиканы ілгерілете алады. Қазақстан мен Ресей бұл үде­рістерден тыс қалып қоймауы керек. Бізге жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет. Гео­гра­фиялық жақындығымыз, қолайлы орналасуымыз бәсекеге қабілетті болуға зор мүмкіндіктер береді. Екі ел арасында апта сайын 38 бағыт бойынша 210 әуе рейсі қа­ты­найды. Соңғы жылдары олар­дың саны 27 бағытқа артты. Ал білім беру саласында 66 қазақ­стандық жоғары оқу орны ресейлік 93 ЖОО-мен тығыз қатынас орнатты. Ынтымақтастық туралы оқу орындары арасында 500-ден астам келісім бекітілді. Екі елдің медициналық жоғары оқу орындары арасында 70-ке тарта бірлескен меморандумға қол қойылды. Осының барлығы біздің тұрақты әрі өзара тиімді тату көршілік ауызбірліктің дәлелі.Туризм индустриясында жетекші рөлге ие болудың әлеуеті мол. Біз туризмді дамытудың бесжылдық мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Бұл жоба аясын­да Қазақстанға туристер ағы­ны 13 миллион адамға дейін кө­бейеді. 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. «Ресейде­гідей Қазақстанда да турис­тердің демалысты жақсы өткізіп, тамашалауына лайықты көпте­ген көрікті жерлер бар. Мыса­лы, ресейліктер, әсіресе, елдің Батыс Сібір бөлігіндегі тұрғын­дар демалу үшін жазда біздің ел­дегі Бурабайға, Балқаш пен Ала­көлге, қыста Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортына және басқа да жерлерге келе­ді», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мем­лекет басшысы өкілетті органдар тарапынан шешуді талап ететін бірқатар жайттарды, оның ішінде туристердің өтуі­не қолайлы болу үшін шекарадан өткізу тәртібін жаңғырту, турис­тік және көлік-логистикалық инфра­құрылымдарды жетілдіру, Кас­пий теңізіндегі туризмді бірлесе дамыту, ғарыштық ту­ризм­ді қалыптастыруға ықпал ету және басқа да мәселелерді ортаға салды. Форум туризм сала­сы­ның алдынан жаңа мүмкін­діктер ашатынына сенім білдірді.

Ресей Федерациясының Пре­зиденті Владимир Путин өз сөзінде мәні зор шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Елбасына айрықша алғысын білдірді. «Ресейдің 76 субъектісі Қа­зақ­станның барлық аймағымен тығыз қарым-қатынас жасайды. Қаңтар-қазан аралығында 50-ден астам ресейлік делегация болды. Көптеген бизнес-миссия, жастар бағдарламасы ұйым­дастырылды. Ғылым, білім, мә­дениеттің өзек­ті мәселе­лері қамтылды. Екі елде де турис­тер­дің ерен қызы­ғу­шылығын тудыратын ғажайып жерлеріміз тұрғанда алыс елдерге саяхаттаудың өзі қисынсыз. Әлемде тартымды туристік орталықтардың бары талассыз. Бірақ Қазақстан мен Ресейдегідей табиғи әр­алуан­дылықты кездестіру қиын. Сон­дықтан осы бағыттағы жұмыс­тарымызды барынша үйлестіріп, жандандыру керек. Туристік ин­дустрия елеулі экономикалық әлеуетке ие. Ресейде ішкі жә­не сырттан келетін туризмге қа­тысты қыруар шаруалар атқа­­рылуда. Ресейге жыл сайын 3,6 миллион қазақстандық, Қазақ­станға 3 миллион ресейлік сапар­лайды. Алдағы уақытта турис­тер алмасу көрсеткіштері арта түседі деген сенімдемін. Менің­ше, қос тараптың тарихи-мәде­ни құндылықтарымен, дәстүр­лерімен саяхатшыларды таныс­тыратын арнайы бағ­дар­лама құрған дұрыс болар еді. Со­ны­мен қатар ескерткіштік, мемо­риалдық орындарға сапарлауға адам­дардың ынта-ықыласын арттыр­ған абзал. Қазір көпшілікті эколо­гиялық таза туризм қы­зықты­рады. Қазақстан мен Ресей­де бұл бар. Тек соны тиімді пайда­лану керек», деді В.Путин форум­ға қатысушыларға арнаған сөзінде.

Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы экологиялық, емдік-сауықтыру, медициналық, спорттық, мәдени, іскерлік туризмге сұраныстың айтарлықтай артқанын, соған орай визалық-миграциялық режімдерді үйлестіру, көліктік, транзиттік, сауда желілерін жетілдіру, қызметтерді толық көлемде әрі сапалы түрде ұсынудың жолдарын сөз етті. Байқоңырда туризмді дамытуға қажетті факторларды атап, тиісті қолдау көрсетуді сұрады. Биыл тамызда өткен Ақтау саммиті Каспий теңізіндегі туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал еткенін айтты. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов соңғы жылдары Ресейден келетін туристердің саны екі есеге өскенін, Имантау-Шалқар курортты аймағы туристификация картасының 10 басты жобасына енгенін, Елбасының тікелей тапсырмасымен оны дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленіп жатқанын, көлік инфрақұрылымын жақсартудың арқасында туристердің жолда жүру уақыты 30 пайызға қысқарғанын мәлім етті. Шекара бекеттерінде бақылау рәсімдерін оңтайландыру мүмкіндігін қа­рас­тыру туралы ұсынысын жеткізді. 

Пленарлық отырыста Ресей Федерациясының Эконо­мика министрі Максим Ореш­кин, Астрахань облысы губер­наторының міндетін атқарушы Сергей Морозов, Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбек, Алтай Республикасының басшысы Алексей Бердников сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Н.Назарбаев форумды қоры­тындылай келіп, екіжақты келі­сімнің іскерлік сұхбатта өткенін, форум туризм саласына тың серпін беретінін, қордаланған проблемаларды бірігіп шешудің басым бағыттары талқыға түскенін атап көрсетті. Туристер легін көбейту үшін өңірлерді бір-бірімен байланыстыратын автомобиль, теміржол және әуе қатынастарын дамыту жө­нінде екі ел Үкіметтерінің бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттігін алға тарт­ты. «Қазақстан мен Ресей шека­раларындағы өткізу бекет­терінің инфрақұрылымын және тех­никалық жабдықталуын жақ­сарту туралы ұсыныстарға байланысты мәселелерді бірлесе шешу­ге тиіспіз», деді Мемлекет бас­шысы. Көршілес елдермен визалық және көші-қон режімін жеңілдете отырып, Каспий теңі­зінде туризмнің бірегей жүйесін құруды, сондай-ақ медицина және білім саласындағы туризмді дамыту жөнінде шаралар қа­былдауды ұсынды. «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосуда атқарылған шара­лар­дың оң нәтижелерін атап өтіп, бизнес өкілдерін қаржы инсти­тут­тарының жұмысына белсене атсалысуға шақырды.

В.Путин өз сөзінде фо­рум­ның табысты өткенін, тараптар маңызды мәселелер бо­йынша ортақ түсіністікке қол жеткізгенін, сауда-эконо­ми­калық, туризм салаларында негізгі әріптес болып қала бере­тінін жеткізді. Өңіраралық ынты­мақтастық форумы келесі жы­лы Омбы қаласында өтетінін мә­лім­деді. 

Қазақстан Президенті Н.На­зар­баев пен Ресей Президенті В.Путин екі елдің 2019-2021 жыл­дарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. 

Сондай-ақ бірқатар үкімет­аралық маңызды меморандумдар мен келісімдер жасалды. 

Өңіраралық ынтымақтастық форумы аяқталған соң Қазақстан және Ресей президенттері зама­науи Пионерлер сарайында инновациялық және IT-техно­ло­гиялармен жұмыс істейтін оқу кабинеттері мен зертханаларды аралап көрді. Оқушылармен әңгі­мелесіп, олардың жұмыстарымен танысты.

Ауылшаруашылығын дамытуды тапсырды

Президент Н.Назарбаев жұмыс сапары барысында теміржол автоматикасы, телемеханика, байланыс, қауіпсіздік жүйесі құрылғыларын, мұнай-газ кешені кәсіпорындарына қондырғылар шығарумен айналысатын С.Киров атындағы зауытта болып, цехтарды аралап көрді. Облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің, индустриялық жобалардың, Жолдау тапсыр­маларының орындалуы жайлы есебі тыңдалды. Биыл 6 мың­нан астам тұрғын баспанамен қамтамасыз етіліп, 150 мың­дай жұмысшының жалақысы көбейеді. Өңірлік маңызы бар жол­дар қалпына келтіріледі. 

Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімінің баяндамасынан кейін Қазақ­стан Республикасы мен Ресей Федера­циясының өңіраралық ынтымақ­тас­тығының форумына әзірлік аясында ай­мақты дамыту бағдарламасының тиімді іске асырылып жатқанын атап өтті.

– Петропавл қаласын көр­кейту мақсатымен көп жұмыс атқа­рылды. Облыстың экономикалық көрсеткіштері қалыпты. Өсім қарқыны республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары, – деді Елбасы.

Сонымен бірге аймақтың аг­рарлық әлеуетіне де тоқталып, ауылшаруашылығын дамытуға байланысты тапсырмалар жүк­теді. «Еліміздегі ауылшаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеу ісі көңіл көншітерліктей емес. Мен ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі есеге көтеру мін­детін қойдым. Бұл сіздердің облыс­тарыңызға да тікелей қатыс­ты. Қайта өңдеу мен экспорт­ты ілгерілету арқылы ғана өнім­ділікті көбейтуге болады. Сіздер үшін тұтыну нарығы ашылады», деп Президент алда тұрған биік белестерге жетуге жігерлендірді. 

Сапар соңында Н.Назарбаев жұртшылық өкілдерімен кездесті. Облыс тұрғындары әлеуметтік бағдарламалар қабылдап, ұдайы қамқорлық көрсеткені үшін Елбасына алғыс білдірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы