Қазақстан Ресей әскери шіркеуінің құрылысына қаржылай көмек көрсетті

0

Қазақстан қорғаныс министрлігі Ресей қорғаныс күштері бас шіркеуінің құрылысына қаржылай қолдау көрсетті. Бұл туралы 14 мамырда қорғаныс саясатын үйлестіру бойынша Ресей-Қазақстан келіссөзі кезінде Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мүслім Алтынбаев мәлімдеді деп жазады ТАСС агенттігі.

«Қазақстанның қорғаныс ведомствосы Ресейдегі бас әскери шіркеу құрылысына белгілі бір сомада қаржы аударды» деді генерал-лейтенант Алтынбаев.

Нақты қанша ақша аударылғанын қорғаныс министрінің орынбасары ашып айтқан жоқ.

Мүслім Алтынбаев мұнан соң Қазақстанға Ресей шіркеуіне қайырымдылық жасаудан не пайда келетінін айтқан. Оның сөзінше, 2019 жылдың сәуірінде Қазақстан билігі Мәскеуге Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы ақпарат жіберген. «Олардың есімдері бас әскери шіркеуде мәңгі сақталады» деді Алтынбаев.

Ресей әскерінің бас шіркеуі елдегі ең ірі діни кешендердің бірі болады деп жоспарланған. Оны билік Мәскеу іргесіндегі Кубинка қаласында Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай – 2020 жылы салып бітуі тиіс.

Ресей қорғаныс министрлігі шіркеудің халықтың қайырымдылыққа деп берген қаржысына салынып жатқанын айтқан.

Ресми статистика бойынша, 2019-2021 жылдарға бекітілген бюджет бойынша, биыл Қазақстан қорғаныс министрлігіне 315,9 миллиард теңге бөлінген. Бұл сома 2021 жылға қарай 296,41 миллиард теңгеге азаяды.

Azattyq