Қазақстан-Қытай келісімдері: қандай жобалар іске асып жатыр

0

Былтыр қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары аясында екі ел бірлесе атқаратын жобаларға негізделген бірқатар құжатқа қол қойылған болатын. Атап айтқанда, жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатта инвестициялық, сауда келісімдері, өндіріс технологиясын беру, кредит желісін ашу секілді бағыттар қамтылды. Қазақстан Президентінің қатысуымен қол қойылған құжаттар негізіндегі жобалар қазір қалай іске асуда? Kazinform тілшісі шолып көрді.

Жаңа зауыттар бой көтермек 

Қазақстан мен Қытай — шикізат өндірісі мен тасымалында белсенді одақтас. Көрші ел үшін шикізат көздері экономиканың басты қозғаушы күші саналатыны белгілі. Өз кезегінде бұл Қазақстан тарапына да пайдалы.

Жоғарыда аталған коммерциялық құжаттардың бірі – Терефтал қышқылын өндіру жобасының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен SINOPEC арасындағы келісім. Одан бері қос тарап келісім негізінде жан-жақты талдаулар жүргізіп, жобаның болашағы жайында ақылдасқан болатын.

2 шілдеде Астанада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 7-ші отырысы өтті. Дәл осы жиында «ҚазМұнайГаз» бен «СИБУР Холдинг» және Sinopec Overseas Investment Holding «Силлено» жобасына қатысты хаттамаға қол қойды.

Енді тараптар көп ұзамай Атырау облысында «Силлено» жобасын бастайды. Қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге жететін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салу үшін түпкілікті инвестициялық бюджетті келісу ниетін растады. Құжатқа «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «СИБУР» ЖШҚ басқарма төрағасы – бас директоры Михаил Карисалов және Sinopec директорлар кеңесінің төрағасы Юншэн Ма қол қойған.

Бұл жоба мұнай-газ химиясы саласын дамытудағы маңызды қадам болғалы тұр. Оны іске асыру ел экономикасына мультипликативті әсер беріп, жалпы ішкі өнім көрсеткішінің 1,2 пайызға өсуіне мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ полиэтиленнен жасалған бұйымдар өндіру саласында шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Сайып келгенде, ел экономикасын дамытуға үлкен серпін болуға тиіс. Мәселен, құрылыс кезеңінде барлығы 8 мыңға жуық, зауыт іске қосылғанда 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Полиэтилен күнделікті өмірде, құрылыс саласынан бастап медицина бұйымдарын жасауда жиі қолданылады.

Кезекті құжат – «CASPI BITUM» БК» ЖШС зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу жобасын ілгерілету жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CITIC Group арасындағы өзара келісім. Қос тарап қазір жобалау жұмыстарын бастап кеткен.

«ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің дерегінше, ұлттық компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасенов CITIC Group қытай компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Си Гуохуамен және CITIC Resources Holdings Limited бас атқарушы директоры Хао Вэйбаомен кездесіп, мәселені жан-жақты талқылаған.

Өткен жылы Қытайдың NJPEC институты жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп, зауыттың техникалық аудитын жүргізген. Биыл мамырда құрылыс бойынша РС-келісімшарт жасалыпты. Зауыт 2025 жылы іске қосылмақ.