Қазақстан «Қорғас» бекетін жауып, әуежайлар мен шекарада бақылауды күшейтті
Мұндай шешім 26 қаңтарда премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен үкімет отырысы кезінде қабылданды. Онда негізінен Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу мәселесі талқыланды.
Отырыста «мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту (әуе, көлік және темір жол нысандары да)» туралы шешім қабылданды.
Бұған қоса, төмендегідей шешімдер қабылданған:
- Қытайдан келгендерді медициналық бақылаудан өткізу;
- Эпидемиологиялық ахуалмен байланысты төтенше жағдайға дайын болу, медициналық мекемелерді әзірлеу;
- Қытайға қызметтік іссапарларды шектеу, жеке және туристік сапарларды кейінге қалдыруға кеңес беру;
- Транзитпен келген Қытай жолаушыларына Қазақстан аумағында 72 сағат визасыз жүруге мүмкіндік беретін режимді тоқтату;
- «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығының қазақстандық бөлігінде жұмысты уақытша тоқтату.
- Қытайдағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті консулдық көмек беру;
- Қажет жағдайда Ухань қаласындағы Қазақстан азаматтарын шұғыл эвакуациялау;
- Қазақстанда ведомствоаралық комиссия құрып, коронавирустың таралуына жол бермеу туралы жоспар әзірлеу;
Соңғы дерек бойынша, 2019-nCoV атты жаңа вирустан 56 адам көз жұмды, вирусты жұқтырғандар саны 2000-ға жуықтады. Вирус ошағы Қытайдың орталық бөлігінде орналасқан 11 миллион тұрғыны бар Ухань қаласы деп айтылады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Уханьда қазақстандық 200-ден астам студент тіркелген. Оның 94-і қазір «жабық қалада» жүр.
Оқи отырыңыз: «Көшеге шықпауды тапсырды». Қытайда оқитын қазақ студенттер қауіпті вирус жайлы
23 қаңтар күнгі дерек бойынша, Қазақстанда «коронавирусты жұқтыру оқиғасы» тіркелмеген.