Қазақстан прокуратурасы заңсыз митингіге шыққандар «жазаланатынын» ескертті
Қазақстан бас прокуратурасы азаматтарды 9-10 маусымда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың «жауапқа тартылатынын» тағы да ескертті. Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтің үндеуі прокуратураның ресми сайтында 7 маусымда жарияланды.
«Рұқсат етілмеген акцияларға шақырғандар, ұйымдастырғандар, қатысқандар Әкімшілік кодекспен жауапқа тартылады. Егер бұл әрекеттер елеулі залал келтірсе, онда кінәлілер Қылмыстық кодекс бойынша жазаланады» деп жазылған мәлімдемеде.
Прокуратураның мәлімдеуінше, әлеуметтік желілерде 9-10 маусымда заңсыз митингіге қатысуға үгіттеп жатқандар бар. Бірақ ведомство наразылық білдіруге нақты кімнің шақырып жатқанын айтпаған.
Бас прокуратура азаматтарды «заңды бұзбауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларға қатыспауға шақырды».
Үндеу Нұр-Сұлтан елде тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 9 маусымжа азаматтарды бірнеше қалада митингіге шығуға шақырған соң жарияланды.
9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президет сайлауы өтеді.