Қазақстан президенттігіне үміткер Түгел тіл емтиханын тапсырды

0

Бүгін, 24 сәуірде «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы ұсынған президенттікке кандидат Сәдібек Түгел мемлекеттік тілден емтихан тапсырды.

Лингвистикалық комиссия мүшесі академик Ғарифолла Есімнің сөзінше, Түгел алдымен «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы – тарихы мен бүгіні» тақырыбында шығарма жазған. «Үміткер кішігірім пунктуациялық қателер жіберді» деді Есім.

Комиссия сайтындағы хабарға қарағанда, екінші тапсырма бойынша үміткер Әбіш Кекілбаевтің «Дала балладалары» жинағынан үзінді оқып, «мемлекеттік тілді еркін меңгергенін көрсеткен». Үшінші кезеңде «Бабалар сөзі – даналық көзі» тақырыбында 15 минут ойын айтқан Түгелді комиссия «тілді меңгеру деңгейі және сөз сөйлеу мәдениеті жоғары» деп бағалаған.

Мұнан соң лингвистикалық комиссия Сәдібек Түгелдің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы шешім қабылдаған.

Мамандығы журналист Түгел – Орталық сайлау комиссиясына кандидат ретінде құжат тапсырған алғашқы үміткер. Ол 1955 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған.

Тіл емтиханын тапсырған әзірге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түгел ғана. 23 сәуірде «Нұр Отан» атынан сайлауға түсіп жатқан Тоқаевтың «мемлекеттік тіл емтиханын сәтті тапсырғаны» хабарланды.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз