Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасындағы теледебат басталды
Мамырдың 29-ы күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-де басталған кандидаттар теледебатына орталық сайлау комиссиясы (ОСК) тіркеген бес кандидат қатысты:
- Жамбыл Ахметбеков («Қазақстан комунистік халық партиясы»);
- Әміржан Қосанов («Ұлт тағдыры» қозғалысы);
- Төлеутай Рахымбеков («Ауыл» партиясы);
- Амангелді Таспихов ( Қазақстан кәсіподақтар федерациясы);
- Сәді-Бек Түгел («Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы).
Дебатқа қазіргі ел президенті, алдағы сайлауға биліктің «Нұр Отан» партиясы атынан қатысатын Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Ақ жол» кандидаты Дания Еспаеваның қатыспайтыны эфирдің басталуына шамамен бес-алты сағат уақыт қалған кезде белгілі болды. Тоқаевтың орнына дебатқа — оның сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев, ал «жалғыз әйел кандидат» Дания Еспаеваның орнына — «Ақ жол» төрағасы Азат Перуашев қатысты.
ДЕБАТ КЕЗЕҢДЕРІ МЕН ШАРТТАРЫ
Бұған дейін дебаттың үш кезеңнен тұратыны, әр кезеңнің қандай тақырыпқа арналатыны хабарланған. Дебат тікелей эфирде көрсетілді. (Арнаның Youtube-тегі парақшасында қолданушыларға арналған чатқа комментарий қалдыруға тыйым салынған).
«Қазақстанның экономикалық дамуының артықшылықтары» деп аталған алғашқы кезеңде қатысушылар сайлауалды бағдарламасын таныстырады. Бұл кезеңде олар бір-біріне екі-екіден сұрақ қойып, қарсыластарының сұрақтарына да жауап береді.
«Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы» деп аталатын екінші кезеңде қатысушылар жүргізушінің қойған ортақ сұрағына жауап береді. Үшінші кезеңде сайлаушылар кандидаттарға сұрақ қояды.
ТОҚАЕВ ПЕН ЕСПАЕВА НЕГЕ КЕЛМЕДІ?
Көп сарапшылар «осы сайлауда жеңеді» деп отырған, биліктің «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға қатысатын кандидат, елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дебатқа қатыспайтыны туралы ақпаратты ең алғаш президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин хабарлады. Ол мамырдың 29-ы күні жергілікті ақпарат құралдарына «Тоқаев үгіт-насихат науқанынан өзін барынша шектеп, президенттік қызметіне көп көңіл бөліп жүр. Оның үгіт-насихат жұмыстарын сайлауалды штабы мен сенімді өкілдері жүргізіп жатыр» деді.
— Президент басқа кандидаттарда көп мүмкіндік болуы керек деп санайды. Басқа кандидаттар да өз ұстанымдарын кеңінен насихаттап, халыққа танылса дейді. Ол (Тоқаев — ред.) әділ сайлау өткізуге уәде берген. Бұл — оның негізгі ұстанымы, — деді ол.
Қазақстанда президент сайлауы қарсаңында өткен кандидаттар дебатына билік партиясы ұсынған үміткер ешқашан қатыспаған. Азаттыққа берген сұхбатында мұндай тенденцияның жалпы Орталық Азия елдеріне тән екенін айтқан сарапшы Брюс Панниер «әдетте Орталық Азияда мұндай дебаттар өткенде, сайлауда басым мүмкіндікке ие, жеңеді деген кандидат оған қатыспайды. Өйткені оларға мұның еш пайдасы жоқ, есесіне көп нәрсе жоғалтуы мүмкін екенін түсінеді» деген еді.
Ал «Ақ жол» партиясының сайлауалды штаб өкілдері Дания Еспаеваның аймақты аралап жүргенін, дебат уақытының кешірек белгілі болғанын айтқан.
Бұған дейін 80 минутқа созылатын теледебатқа бюджеттен 41 миллион теңге бөлінетіні хабарланған.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:
- Жамбыл Ахметбеков — «Қазақстан комунистік халық партиясы»,
- Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы,
- Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысы,
- Төлеутай Рахымбеков — «Ауыл» партиясы,
- Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
- Қасым-Жомарт Тоқаев — «Нұр Отан» партиясы,
- Сәді-Бек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы.