Қазақстан премьер-лигасы несімен есте қалды?
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Өткен аптада футболдан 2018 жылғы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Алда Қазақстан кубогының финалы мен өтпелі матч қалды. Осы ретте ел біріншілігін бір қорытындылап көрсек.
«Астана» — бес дүркін чемпион
Елорда команда әзірге ешкімді маңайына жуытар емес. Соңғы 5 жыл қатарынан Қазақстан чемпионатында «Астанаға» тең келетін команда жоқ. Бұған дейін 4 чемпиондықты бас бапкер ретінде Станимир Стойлов әперсе, осы жолы Григорий Бабаянның еңбегі зор. «Астана» биыл екінші орындағы «Қайратты» 15 ұпайды қалдырып кетті. Сондай-ақ елордалық команда бірнеше көрсеткіш бойынша да қарсыластарынан озық шықты.
Соларды тізіп көрсек:
«Астана» – ең көп ұпай жинаған команда (77);
«Астана» – ең көп жеңіске жеткен команда (24);
«Астана» – ең аз жеңілген команда (4);
«Астана» – ең үздік доп айырмасы (+44);
«Астана» – ең көп гол соққан команда (66).
«Чемпиондық атақ ешқашан оңай келмейді. «Қайрат» алғашқы төрт жылда маусым басында өте көп ұпай жоғалтқан болса, осы жылы керісінше маусым соңында жеңіліп жатты. Жалпы алғанда, «Қайрат» соңына дейін күресетін, өте мықты команда. Менің ойымша, келесі маусымдарда да тартыс жалғасады. Алайда, чемпионаттың деңгейін арттыру үшін тағы да деңгейі жоғары 2-3 команда болуы керек», – дейді «Астана» командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Григорий Бабаян.
«Қайрат» тағы да қалып қойды
Осы бес жылдың ішінде: «ендігі, чемпиондық титул біздікі» деп, «Қайрат» жанкүйерлері де шаршаған болатын. Алматы командасы маусымды жақсы бастағанымен, тамыз, қыркүйек айларында жиі ұпай жоғалтты. Осы жылы «Ордабасыдан» Шымкентте екі рет ұтылды. Одан кейін «Ақжайық» пен «Жетісуға» да 3 ұпайды ұстатып, «Астананың» ерте чемпион болуына мүмкіндік беріп қойды. Сенімді ақтамаған бас бапкер Карлос Алос Федер қызметінен кетті. Енді, оның орнына неміс маманы келеді деп күтілуде.
«Қайрат» чемпиондықтан біржола айырылған соң, премьер-лиганың қалған ойындарында отандық футболшылармен алаңға шығуға көшті. Қазақстан кубогының финалында да дәл солай отандық футболшылармен ойнамақшы.
«Бәсекелестік жоғары болатындай, қазақстандық ойыншылар бізде аса көп емес. Бәрібір де негізгі құрамда ойнайтындарын білетіндіктен өздерің қамшыламайтындары байқалып тұрады. Енді, жастар құрамасындағы ойыншыларды тартамыз. Дәл қазір біздің клубтың позициясы Қазақстан кубогының финалына дайындалу. Енді ол кезде кімнің дайындығы жоғары, сол алаңға шығатын болады», – дейді «Қайрат» командасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович баспасөз мәжілісінде.
Ол бұл пікірін премьер-лиганың 31-турында өз алаңында «Ертістен» ұтылған соң айтты.
Аршавин карьерасын аяқтады
Ресей футболының соңғы 10-15 жылдағы ең үздік ойыншысы Андрей Аршавин Алматының «Қайратымен» қоштасты. Жалпы, ол спорттық карьерасын Қазақстанда аяқтап отыр. Ол Алматыда 100-ден астам ойын өткізіп, 30 гол соққан. Үш рет Қазақстанның күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ ел Суперкубогы мен Қазақстан кубогын ұтып алған.
«Қайрат» клубы ресейлік футболшыны жақсылап шығарып салды. Премьер-лиганың соңғы турында «Шахтермен» кездесуге Андрей есімді азаматтардың барлығын стадионға тегін кіргізді. Ойыннан кейін футболшының үстіне шапан жауап, баспасөз мәжілісін ұйымдастырды.
«Мен футболшы ретінде карьерамды толық аяқтадым. Бізде қазір демалыс, сосын кубокқа дейін дайындаламыз. Ал қараша айының соңында үйге қайтамын. Мен «Қайрат» футзал клубының бас бапкері Какамен хабарластым. Олармен аздап жаттығамын. Бәлкім, екі аптаға жалғасатын шығар. Алматы ғана емес, жалпы Қазақстан халқы мені жылы қабылдады. Өзімді осында еркін әрі қолдаушысы бар адамдай сезіндім. Стадионға келіп, ойынымды көруге асығатындар көріп қуанып қаласың. Командада барлығымен жақсы қарым-қатынаста болдым. Алдағы уақытта да байланысымыз жалғасады деп үміттенемін. Кеше достарым, Алматыға келіп тұрасың ба деп сұрады. Әрине, келемін. Бірақ, 2-3 жылдан кейін. «Қайраттың» чемпион болғанын қалаймын. Өкінішке қарай, биыл тағы бұйырмады. Ал екінші орынды «Қайрат» менсіз де жеңе алады. Осы жерде жалғыз көңілге кірбің түсіретіні осы чемпиондық титул. Енді, үйіме қайтамын. Санкт-Петербургте 28 жыл тұрдым. Бұл қаланы өте жақсы көремін. Сондықтан үйде болғым келеді. Алматыға әрдайым келіп тұрамын». – дейді Андрей Аршавин баспасөз мәжілісінде.
8 жыл күткен жүлде
Қостанайдың «Тобылы» соңғы рет 2010 жылы ел чемпионы атанған болатын. Одан кейін 5-орыннан әрі аса алмай жүрген. Биыл араға 8 жыл салып жүлдегерлер қатарынан көрінді. «Астана» мен «Қайраттан» кейінгі үшінші орынға тұрақтады. Команданы маусым басында отандық маман Владимир Никитенко жаттықтырды. Одан кейін польшалық Марек Зуб келді. 33 ойында 53 ұпай жинаған Қостанай командасы келесі жылы Еуропа лигасында Қазақстан намысын қорғайды.
«Біз араға 8 жыл салып жүлдегерлер қатарынан көріндік. Бұл орасан жетістік. Былай қарсаң, оңай көрінуі мүмкін, бірақ осы жетістіктің артында үлкен еңбек тұр. Бірінші кезекте футболшыларды,бапкерлер штабын осы жеңіспен құттықтағым келеді.Бұрынғы бапкер Владимир Никитенко, қазіргі жаттықтырушы Марек Зуб барлығы қола жүлде жеңіп алу үшін өз үлестерін қосты»,– деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов клуб мүшелерін салтанатты марапаттау рәсімінде.
Қазақ футболының ең үздік сұрмергені футболмен қош айтысты
Андрей Аршавиннен бөлек, маусым аяқталған соң тағы бір футболшы карьерасын аяқтады. Ол – қазақ футболының үздік сұрмегені Нұрбол Жұмасқалиев. Қазақстан футболында Нұрбол жаңартпаған рекорд қалмаған секілді. Ол «Қызыл-Жармен» кездесуде 523-матчына шықты.
Жалпы ең көп ойын өткізген футболшылар тізімі мынау:
- Нұрбол Жұмасқалиев – 523.
- Серік Жейлітбаев – 457.
- Самат Смақов – 441
- Руслан Гумар – 424.
- Данияр Мұқанов – 418.
Екінші рекорды гол соғу жағынан. Осыдан он жақты жыл бұрын ел біріншілігіндегі мергендер көшінде Нұрбол Жұмасқалиев, Мұрат Тілешев, Нұркен Мәзбаев, Әлібек Бөлешев, Андрей Мирошниченко, Олег Литвиненко, Виктор Зубарев секілді отандық футболшылар жүретін. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша. Премьер-лигада Мұрат Тілешевтен кейін қазақстандық футболшылардан соңғы бес жылда ешкім сұрмерген атанып көрмепті. Барлығы – сырттан келген ойыншылар.
Алаңдағы ампуласы таза шабуылшы болмаса да, ол әріптестеріне қарағанда жиі гол соғады. 37 жастағы Нұрбол ел біріншілігінің соңғы турында «Қызыл-Жар» қақпасына гол соғып, өзінің премьер-лигадағы 167-голын соқты. Жерлестерімізден әзірге бұл көрсеткішке қол жеткізе қоятын ешкім байқала қоймайды. Өйткені оған ең жақын тұрған Олег Литвиненко (148) бүгінде о дүниелік. Одан кейіннгі Мұрат Тілешов те (147) карьерасын аяқтаған. Ал Нұркен Мәзбаев (142) пен Андрей Мирошниченко (115) бүгінде бапкер. Ендеше Нұрболдың рекордын өзінен басқа таяу арада жаңарта қоятын ешкім жоқ.
«Құрметті жанкүйерлер, футболсүйер қауым! Бүгін облыс футболы үшін, жанкүйерлер үшін ерекше күн. Алдымен, футболшылардың атынан облыс әкімі Архимед Бегежанұлына бізге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіргім келеді. Жанкүйерлерге ықыласым шексіз, алдағы уақытта олар біздің стадионды қуанышқа толтыратынына сенемін! Жігіттерді құттықтаймын! Олар ерледі. Олар өздерінің әлеуетін көрсетті. Мен сіздер үшін қуаныштымын. Сіздермен бірге ойнағаныма ризамын. Бапкерлер мен клуб әкімшілігіне де алғыс көп.Бүгін мен футбол мансабымдағы соңғы ойынға шықтым. Келесі жылғы маусым алдында қоштасу матчын өткіземін.Рахмет достар! «Тобылға» жанкүйер болыңыздар!», – деді соңғы матчынан кейін Нұрбол Жұмасқалиев.
«Қайсар» Көшербаевтың тапсырмасын орындады
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жыл басында «Қайсарға» клубының басшылығы мен бапкерлер штабына алғашқы бестікке кіру туралы тапсырма қойған. «Қайсар» сол үдеден шыға білді. Премьер-лиганың соңғы турында «Ақтөбені» жеңіп, Қызылорда командасы маусымды бесінші орынмен аяқтады. Енді, бас бапкер, клуб директоры, спорт басқармасының жетекшісі облыс әкімінің қабылдауына ұялмай кіре алады деп ойлаймыз.
«Ақжайық» пен «Қызыл-Жар» премьер-лигадан ұшып кетті
Премьер-лиганың соңғы турында «Қызыл-Жарға» Қостанайдың «Тобылынан» кемі жеңілмеу керек еді. Сол кезде премьер-лигада қалу мүмкіндігі бар болатын. Бірақ солтүстік дербиінде «Тобыл» 3:0 есебімен ұтты. «Қызыл-Жар» былтыр өзі араға 8 жыл премьер-лигаға оралған еді. Биыл енді қайтадан бірінші лигаға түсіп қалды.
Бірінші лиганың екінші жолдамасына «Ақжайық» ие болды. Чемпионатта соңғы орынмен аяқтаған Орал командасы тағы бірінші лигада өткізеді.
«Ақжайықтың» ұшып кеткені өте өкінішті. Негізі, команда өте жақсы болатын. Мұнда, бас бапкердің түк кінәсі жоқ. Бұл сұрақтарға клуб басшылығы жауап беру керек. Жазда команда құрамын жаңарту қажет еді. Өйткені, бірнеше ойыншының жоғары деңгейде ойнауға мотивация жоқтығы байқалды. Ол үшін көздерінде оты жанып тұрған, алаңға шығып өзің көрсеткісі келетіндерді алғанда жағдай басқаша болар еді»,– дейді Sports.kz сайтына берген сұхбатында «Ақжайықтың» экс-бапкері Владимир Мазяр.
«Ертіс» өз орнын сақтап қалуға тырысады
Премьер-лигада 10-орынға ие болған «Ертіс» енді бірінші лиганың қола жүлдегері «Қыранмен» кездеседі. Екі ойыннан тұратын кездесудің жеңімпазы келесі жылы премьер-лигада ойнау құқығына ие болады. Ал жеңілгені бірінші лигада доп тебеді. Бірінші ойын 16 қараша күні Шымкентте, ал қарымта матч 20 қарашада Павлодарда өтеді. «Ордабасы» өзіне үйреншікті төртінші орынын тағы да иеленді. 33-турда Шымкентте «Атырауды» жеңген Кахабер Цхададзе шәкірттері енді Қазақстан кубогының финалын күтеді. Бұл жолы да «Қайрат» жеңімпаз атанса, онда «Ордабасы» келесі маусымда Еуропа лигасында Қазақстанның намысын қорғайды.
Чемпионаттың қорытындысы:
Қазақстан чемпионы – «Астана»;
Күміс жүлдегер – «Қайрат» (Аламты);
Қола жүлдегер – «Тобыл» (Қостанай);
Премьер-лигамен қоштасқандар – «Қызыл-Жар» (Петропавл) және «Ақжайық» (Орал);
2019 жылғы премьер-лига жолдамасын жеңіп алған командалар – «Оқжетпес» және «Тараз»;
2019 жылғы премьер-лиганың үшінші жолдамасын сарапқа салатындар – «Ертіс» және «Қыран»;
2019 жылы УЕФА Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын клуб – «Астана».
2019 жылы УЕФА Еуропа лигасында бақ сынайтын клубтар – «Қайрат», «Тобыл» және «Атырау» мен «Ордабасының» біреуі.
Көп гол соққан ойыншылар:
1. Маркос Пиззелли («Актөбе») – 18 (24 матчта);
2. Адеринсола Эсеола («Ақжайық» / «Қайрат») – 17 (29);
3. Марин Томасов («Астана») – 14 (30);
4. Исаэль («Кайрат») – 12 (28);
5-6. Алексей Щеткин («Астана») – 10 (26), Братислав Пуношевац («Қызыл-Жар СК» / «Қайсар») – 10 (28).
Үздік ассистенттер:
1. Марин Томасов («Астана») – 16 (30);
2. Андрей Аршавин («Қайрат») – 15 (31);
3-4. Маркос Пиззелли («Ақтөбе») – 10 (24), Исаэль («Қайрат») – 10 (28);
5-6. Роман Мұртазаев («Астана») – 7 (27), Азат Ерсалымов («Ақжайық») – 7 (32)
Гол+пас:
1. Марин Томасов («Астана») – 30 (14+16);
2. Маркос Пиззелли («Ақтөбе») – 28 (18+10);
3. Андрей Аршавин («Қайрат») – 24 (9+15);
4. Исаэль («Қайрат») – 22 (12+10);
5. Адеринсола Эсеола («Қайрат») – 19 (17+2).
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ